Айдана Шалқар, @aiudna
- Дариға Бадықова, Жанар Дұғалова, Мадина Оспан. Қай әртіс «Үздік әйел бейнесі» жүлдесіне лайық? Бұны білдей 26 әділқазы анықтамақ. Біз бүгін «Сыншылар таңдауы» байқауының марапаттау кешіндеміз!
Биыл «Сыншылар таңдауы» сайысында қазақстандық 80 картина бақ сынады. «Үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша сынға түскен Дариға Бадықова, Жанар Дұғалова, Мадина Оспан премияға келмеді. Қазылар алқасы мен көрерменнің шешіміне сәйкес, «Үздік әйел бейнесі» мүсіншесі «Жел тоқтаған жер» толықметрінде басты рөлде ойнаған Жанар Шоқпановаға табысталды.
Ал «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша «Міржақып. Оян қазақ!» картинасында басты рөлде төбе көрсеткен Бақыт Қажыбаев жеңіске лайық деп танылды. Актер марапаттау рәсіміне қатыспады, нәтижесінде оның статуэткасын фильм режиссеры Мұрат Есжан алып қайтты. Жеңімпазға 300 доллар көлемінде ақшалай сыйлық та табысталды. Одан бөлек, «Міржақып. Оян, қазақ» тарихи драмасы «Көрермен таңдауы» номинациясымен қанжығасын майлады.
Мұрат Есжан, режиссер:
- Бақыт аға мен шынымды айтсам қандай себептер екенін білмеймін. Бірақ келе алмады, иә. Енді ол кісілер театрда жұмыс істейді, съемкалары бар, енді түсірілімдері бар. Сондықтан.. Енді бұл жерде сосын мынандай, ол кісі Астанада тұрады. Бұл сыйлықтардың жалпы ерекшелігі – ешкімге алдын-ала айтылмайды. Сондықтан енді мүмкін босқа үміттенбейін деп ойлаған шығар.
«Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша Еркебұлан Дайыров, Жандос Айбасов, Ғалымжан Молданазар, Ақтан Арым Құбат, Айдос Әуесбаев таласқа түсті. Айта кетейік, бұл – Ғалымжан Молданазардың актер ретінде алғаш рет үміткер атануы.
Ғалымжан Молданазар, музыкант:
- Актер ретінде бірінші рет иә, бірақ сазгер ретінде жыл сайын қатысамын. 3 рет сазгер ретінде жеңгем. Бүгін барлығы сұрап жатыр сен алатын шығарсың, ешқандай қобалжыма деп. Өйткені, ол туралы маған айтқанда қалай айтсам болады, былай ысырып қойдым, егер ойласам қазір қобалжитын едім. Қобалжып, ала алмай қалсам, қиын болатын сияқты.
- Көңіліңізге алып қаласыз ба?
- Иә, көңіліме, сол үшін еш нәрсе күтпей, көреміз бұйырғанын.
Молданазардың толқуы бекер болмады. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» «Кішкентай самурай» картинасында төбе көрсеткен Ақтан Арым Құбатқа бұйырды.
Еске салсақ, Ғалымжан Молданазар «Бүркіт» толықметрінде имиджін өзгертіп, мылқау баскесердің рөлін ойнаған болатын. Әртістің айтуынша, аталмыш туындыдан кейін оған бірнеше ұсыныстар түскен. Бірақ ол бәрінен бас тартқан.
Ғалымжан Молданазар, музыкант:
- Болып жатыр, бірақ мен өзімді актер ретінде сезінбеймін. Өйткені өзімнің енді музыкант ретінде бүкіл уақытым сол жаққа кетеді. Кино оңай емес нәрсе. Егер білмеймін, өзіме қатты қызық рөл болып жатса болашақта көре жатармын.
«Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша Самал Еслямова олжалы болды. Ал, «Үздік ән» мүсіншесі Аль-Насыр мен Раймның «Дала ерлері» туындысына табысталды.
Ал, «Үздік дебют» марапатын «Бауырына салу» картинасы еншіледі.
Азамат Сатыбалды, «Қазақфильм» киностудиясының президенті:
- Біз бүгін ең мықты дебютті жеңіп алған режиссерға «Қазақфильмнен» түгел базасын береміз, техникасын. Келесі киносын біздің «Қазақфильмнің» бүкіл техникалық базасымен өзінің киносын түсірсін деп. Сол біздің «Қазақфильмнің» ұлттық киностудияның жас режиссерға деген біздің көмегіміз болады. Және де жыл сайын бұл үрдісті біз жалғастырып тұратын боламыз.
Айдана Шалқар, @aiudna
- Биылғы «Сыншылар таңдауы» байқауы осымен тәмам. Әділқазыларға жүлдеге лайықты жандарды таңдау оңайға соқпады. Дегенмен, әр маман еңбегіне сай жеңісті еншілеп қайтты.