Айдана Шалқар, @aiudna
Біз біргеміз! Бұл – қазіргі қазақстандықтардың ұранына айналған тіркес. Әр адам қолдан келгенше, аянбай көмектесіп жатыр. Дәл қазір мына жерде Атыраулық тұрғындарға гуманитарлық көмек жіберілуде. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда су тасқынынан зардап шеккен халыққа қажетті құрал-жабдықтар жинақталған.
Еліміздің он облысын топтан су басып жатқанда, қол қусырып отыра алмағандардың бірі - Рауан Романи. Досы Исабек Әбуталиевпен бірлесіп, туған жері Атырауға гуманитарлық көмек жіберуге білек сыбана кіріскен. Актер мен кәсіпкердің жылу жинап жатқанын естіген жұрт, керекті заттармен қойманы толтырып тастаған. Ел басына күн туғанда, етігімен су кешуге дайын адам тым көп екен дейді Рауан.
Рауан Романи, актер:
- Волонтерлар өздері көрді не керек екенін. Жөргектер компаниясы, тамақтар келіп жатыр. Негізі көптеген нәрсе керек, олардың ішінде резеңке етіктер, тамақтар, қайықтар. Өздеріңіз көріп жатқандай, жағдай нашар Батыс Қазақстанда.
Гуманитарлық көмек тек материалды заттарды қамтиды. Ақшалай қолдау көрсеткісі келген кәсіпкерлер де болған. Дегенмен, олар қаражат қабылдаудан бас тартқан.
Исабек Әбуталиев, кәсіпкер:
- Біз қор емеспіз, ақша жібергісі келген адамдар көп болды, бірақ біз арнайы қор болмағаннан соң ақша қабылдамаймыз. Тек тамақ, өзге тауарлар аламыз.
- Осы су тасқынынан зардап шеккен жақындарыңыз таныстарыңыз бар ма өзіңіздің?
Рауан Романи, актер:
- Бар, бар әрине бар. Құлсарыда біраз туысқандарымыз тұрады. Оған жақын көптеген туысқандарымыз енді жағдайы өте нашар.
Айта кетейік, еріктілер таңды атырып, күнді батырып, қажетті заттарды өздері қорапқа жинақтап, дайындап жатыр.
Рауан Романи, актер:
- Амеркада біраз тұрғанда жүк тасушы болып жұмыс жасадым. Кішкене тәжірибе қалды енді. Содан кейін кішкене осы жақта өзім жинап, дұрыс қой енді, біз негізі бөлінбейміз, бәріміз бірге істейміз. Қара жұмыс па істейміз бірге.
Исабек Әбуталиев, кәсіпкер:
- Жастар Рауан аға дейді Чина аға деп айтады. Қалай грузды орау керек екенін үйретіп жатыр.
- Мастер класс от Чина братана.
Балжан Бидаш та табиғи апатқа бей-жай қарап отыра алмады. Өнер иесі оқырмандарына жазба қалдырып, өзінің банктік есеп шотына қаржы жинады. Түскен теңгені қолына ұстап, бірден базарға аттанған.
Балжан Бидаш, әнші:
- Менің аудиториям бар инстаграмда. Енді қолымызда тұрғандықтан, қолымыздан келгенше неге көмектеспеске деп сол инстаграмды қолға алып, оқырманмен бірге өзім де ақшамды қосып, оқырмандарыммен сбор жасап, сол жиналған суммаға міне бүгін тауар алуға келдік.
- Осы бір күннің ішінде қанша қаражат жинап үлгердіңіз? 1 миллионнан аса оқырманыңыз бар ғой не дегенмен.
- Өкінішке орай, белсенділік төмен болып тұр. 200 теңгеден жібергендер бар, 500 теңгеден жібергендер бар. Мен ойлаймын, стористі қарап отырып, номерды теріп, бір 200 теңге жібере салуға ерінетін сияқты адамдар. Енді 200 теңге барлығында бар деп ойлаймын. Енді ақшам жоқ деген адамның өзінде 200 теңге табылады. Менің сторисімді 200 мың адам қарайды мысалы, 200 мың адамның өзі 200 теңгеден жібергеннің өзі 100 миллионға дейін жетеді мысалы.
- Бұл керек-жарақтар қай қалаға аттанады?
Балжан Бидаш, әнші:
- Қай қалаға аттанатынын білмеймін, осы Алматы қаласында гуманитарлық көмекпен жіберіліп жатқан жерлерге осы тауарларды апарып беретін боламыз.
Балжан базарды шарлап, керек жарақтарды түгендеп, зардап шеккен халыққа аттандырды.
Балжан Бидаш, әнші:
- Біз телефон шалып білдік не керек екенін. Олар айтты осындай суға арналған киімдер керек деп. Сондықтан қазір біз ұзын суға арналған балотниктармен, тіпті мына мойынға дейін суда жүре алатын киімдер алып жатырмыз.
Табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын созып жатқандар мұнымен шектелмейді. Мәселен, Жансерік Қадырбаев оқырмандарымен бірігіп, 44 миллион қаражатты Қостанай облысы тұрғындарына табыстады. Ал, Динара Сұлтан жұбайы Ерлан Қожасбаевпен бірге мұқтаждарға 100 миллион теңге аударды. Одан бөлек, Айым Сейтметова, Дана Есеева, Әсел Сәдуақасова, Біржан Әшім сынды блогерлер де күш біріктіріп, қаражат жинау үстінде. Ал, Қанат Бейсекеев Құлсары өңірінде суға белшесінен батып, шарасыз қалған халық жайлы деректі фильм таспалап жатыр.