Әсел Сағатова өткеніне оралғысы келеді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk:

Әсел Сағатова өткеніне өкінеді. Енді келешегі бұлынғыр тартпас үшін, 15 жыл бұрынғы өмірін өзгерткісі келеді. Тіпті оның жолын да тапқан. Актрисаның өзегін өртеп жүрген не нәрсе?

Бұл Сағатова төбе көрсеткен кезекті толықметр. «Бәрі өз қолыңда» деп аталады. Өмірде жолы болмаған, мансабы келіспеген, сүйгеніне жете алмаған сылқым. Сәтсіздіктері үшін сыныптастарымен де қатынаспайды. Лентада актрисаға түрлі тәжірибе жасалыпты.

Әсел Сағатова, актриса:

– Алғашқы сахнадан-ақ ауыр сөмкемен, метронің ішімен жүгірдім. Мені ваннаға да батырған кездері болды. Кейіпкерімнің әр оқиғасын өзімнен, тұла бойымнан өткіздім десем артық айтқаным емес.

– Әсел Сағатованың сыныптасын ойнайтын бізде – Қажет Смағұл ағамыз.

Қажет Смағұл, актер:

– Мен екі-ақ сахнада бармын. Кино басталғанда атпен шауып келе жатып өліп қалады ғой, сондай рөл бізде.

– Қабдол, бұл фильмде сенің туған інің ойнады иә?

Қабдол Тілеков, әзілкеш:

– Иә. Менің гонорарым қымбат болды просто. Ойнап айтам. Ойнады, қуаныштымыз. Эпизодта ғой енді. Бірақ енді үлкен жетістік деп ойлаймын ол да.

– Түсірілім алаңына қалай, кім арқылы тап болды екен?

– Білмеймін, сен арқылы тап болды ма?

- Менің інім емес ол.

- Жоқ, қайдан білейін енді мен. Мен ешқандай, ешкімді ұсынып, інім бар деп айтқан жоқпын ешкімге. Өзі бірдеңе етіп тауып алған шығар. Айтқан шығар Қабдолдың інісімін деп сөйтіп кіріп кеткен шығар.

– Алишер тұр. Алишер, келе қойшы. Алишер бізде Қабдолдың туған інісі.

– Ассалаумағалейкум. Сәлеметсіздер ме?!

- Бұл сенің алғашқы сұқбатың ғой иә?

- Алғашқы сұқбатым және алғашқы кином.

– Бұл фильмге қалай тап болдың? Қабдол арқылы ма?

Алишер Тілеков, актер:

– Иә, негізі ағамның арқасы бар. Өйткені бір киноға осы продюсер Гульзура ханым кастинг директор болды да, ағам тойға кетіп қалды соның орнына дублер болып түстім. Сол кезде кастинг директормен таныстым. Осы кісі продюсер болды. Мені киноға шақырды.

Толықметрдің кішкентай ғана актерлары Айбар Таңғыт пен Аминка Витаминка. Олар да өз әсерлерімен бөлісті.

– Түсірілім біткеннен кейін қимастық сезімі болды ма?

Айбар Таңғыт, актер:

– Қимастық сезімі болды. Бірақ мен білгем, тағы бір екі айдан кейін кездесетінімізді.

– Амина сенде ше?

Амина Малғаждар, актриса:

– Түсірілім аяқталғанда жабырқағаным рас. Тіпті командаға көрсетпей жылап алғаным бар.

Жабық кешке жиылған жұлдыздың қарасы көп. Солардың бірі – Өктем Алтаев.

– Сізді бұндай жабық кештерден сирек көретінбіз. Бірақ бүгін қадірменді қонақтар қатарындасыз.

Өктем Алтаев, әнші:

– Осындай бір керемет бір кештерде сирек болатыным рас. Бірақ енді осы киноның ашылуына келмеске болмады. Бұл киноның композиторы менің қызым Аружан болып жатыр, иә. Алғашқы киноға музыка жазуы.

Киноның бас продюсері – Гульзура Есен. Бұл Гульзураның тырнақалды туындысы. «Кастинг төрт ай жүрді. Жұртқа жатталған жұлдыздар емес, жаңа есімдерді таңдадым»,-дейді ол.

– Бұл фильмді түсіру үшін сіз баспанаңызды саттыңыз иә? Ва-банк.

Гульзура Есен, кинопродюсер:

– Баспанамды саттым, машинамды саттым. Өнер үшін ғой бәрі. Бұл комедия емес. Бұл драма. Алғашқы мотивациялық кино және де 80 процент ойнап жатқан балалардың бәрі, актерлардың енді ғана табалдырықты аттап жатқан жастар.

Нар тәуекелмен түсірілген толықметр жақсы нәтиже көрсетуді – саундтректен бастап кеткен. Мирас Жүгінісов орындайтын «Саяхат» әні үздіктер қатарынан табылды.

– 2023-тің үздік саундтрегін жеңіп алдыңдар.

Мирас Жүгінісов, әнші:

– Бұл әннің мағынасы негізі өте терең. Бұл саяхат бір-ақ қана мезет. Қазірден-ақ алшы бәрін түзеп дейді да. Бұл өмірде бәріміз қонақ екеніміз туралы айтылады.

Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk

Әселді әбігерге салған не жағдай? Сағатованың сағын сындырған сыныптасы кім? Сауалдардың жауабын «Бәрі өз қолыңда» толықметрінен біле аласыздар!