Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– «Жаһандық экология» тақырыбы биыл Еurasian fashion week-ке арқау болды! Өңдеу, өнімді қайта қолдану, табиғат пен қоршаған ортаға зиянды дүниелерден мүмкіндігінше бас тарту. Сейф за планет яғни ғаламшарды сақтау.
Медиа-бранчта қазақстандық бомондтың басы қосылып, экологиялық, өзекті тақырыптарды талқыға салды. Тіпті қонақтарға таратылған шақырту қағазы да ерекше. Оны топыраққа егуге болады. Кейін бөлме гүлі өсіп шығады.
– EFW-тің биылғы тақырыбы «Сейф зе планет», ғаламшарды сақтау, қорғау. Концепция туралы айтып берсеңіз?
Ирина Байжанова, «Еurasian fashion week» бас продюсері:
– Біз саналы тұтынуды қолдаймыз. Заттар тек бір немесе бірнеше маусымға емес, біраз жылдар қызмет қылуы керек. Былайша айтқанда, киімдерге екінші өмір сыйлаймыз. Осы тақырып аясында жас дизайнерлер конкурсы өтеді. Финалға шыққан 10 сәнгер, бұрын қолданыста болған: кроссы, пиджактар, джинс шалбарларды көрермен назарына ұсынады. Өте керемет шоу болғалы тұр.
«Біздің команда қайта өңделген маталар мен материалдардан сән элементтерін жасау үшін барын салды. Негізгі көрнекі элементіміз тек тренд емес, сонымен қатар планетамызға қамқорлық жасауға үндеу»,-дейді EFW ұжымы.
Алена Алферова, «Еurasian fashion week» PR директоры:
– Саналы тұтыну, қайта өңдеу тақырыптары әлі өзекті. Күллі адамзат жұдырықтай жұмылып, осы мәселеге баса назар аударулары керек. Сән әлемі де бұл тенденциядан қалыспақ емес. Біз осы арқылы моданың да экологиялық таза әрі табиғат пен қоршаған ортаға залал келтірмей-ақ трендте жүруге болатынын көрсеткіміз келеді.
EFW идеологиясының негізгі аспектілері: өнімдерді қайта пайдалану, киім мен материалдар өндірісінде өңделген шикізатты қолдану, сапасыз тауарларды тұтынудан жаппай бас тарту, экологиялық таза көзқарас. «Бұл сөзсіз қуанатады»,-дейді кеш қонағы Марина Корнейчук.
– Киімдеріңіз көп шығар. Ескі киімдеріңізді қайда жібересіз?
Марина Корнейчук, EFW серіктесі:
- Расында, ескі киімдерім көп. Кейбірі трендтен шықса, кейбірі сыймай қалды дегендей. Бірақ қазір заттарға бастапқы өңін қайтарып беруге көмектесетін техникалар бар ғой. Қала берді, соңғы шығып жатқан дивандардың ішін тозығы жеткен дүниелермен толтырады. Бұның өзі, сәл де болсын экологияға көмек.
Кеште селебрети өкілдері де болады. Олардың арасында Фатима Кулибали да бар. Актриса қоғамдық маңызы бар шараларға шақырту түссе, қуанатынын айтады.
– Биылғы сән көрсетілімінде бұрын киілген киімдер болады.
Фатима Кулибали, актриса:
– Шынымды айтсам, біреуден қалған киімді кие алмас едім. Киіп көрмеппін. Бірақ табиғатты сақтауға барынша тырысамын. Мысалы, қоқыс сұрыптаймын. Қағазды, шөлмекті бөлек жинау деген сияқты қағидаларды ұстанамын.
Медиа-бранчтың тағы бір қонағы әнші, блогер – Адалят Бакиева. Адалят: «Мен саналы тұтыну дегенді қос қолдап құптаймын. Қағиданы барынша ұстануға тырысамын»,-дейді.
– Артық киімнен бас тарту да, экологияға көмек қой негізі. Жалпы бір киімді қанша уақыт киесің?
Адалят Бакиева, блогер:
– Үнемі сапалы әрі қымбат киім таңдауға тырысамын. Гардеробымдағы заттарды бірнеше маусым кие беремін. Мысалы мына үстімдегі сарафанды осы шара үшін жақында арнайы сатып алдым. Бір жақсысы, бұны кез келген мерекеге, жиынға киюге болады.
Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Сән әлемі мен шоу-бизнестің кіл жұлдыздары келген медиа-бранч бітті. Ал экология тақырыбын тарқатуды қолға алған Еurasian fashion week 11-12 қараша күндері өтеді.