Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Бірде теуіп, бірде тартар өзіне,
Бұл қаладан кете алмайсың безіне.
Күлдіріп ап, жас толтырар көзіңе
Құбылмалы Алматы!
Бүгін қатыгездеу, тәкаппарлау, әрі тым мейірбан Алматының туған күні!
Ескі алаңға қызыл кілем жайылып, әртіс біткен жиналды. Алматының құрметіне ауқымды концерт қойылды. Көрермен қарасы сәт санап көбейді. Осы сәтті пайдаланып, біз Алматыға әншілердің қалай келгендерін, қала қалай қарсы алғанын сұрадық.
Алматы – мықтылардың қаласы. Бұл алып шаһарға арман қуып келген әр адамның айтатыны. Жұрт арасында Ая фанк «Тіфәй-тіфәй», «Таралам» тректерімен танылған еді. Әншінің қаладағы тіршілігі оңай басталмапты.
– Алматы жайлы қызық естеліктермен бөліссеңдер?
Aya Funk, әнші:
– Вокзалда ұйықтаған кезіміз болды. Ең бірінші келген кезде.
- Ол қай жылы?
- 2018-де. Ешкімді танымадым. Қалаға түстім, қайда барарымды білмеймін. Бірақ бір өнер қуып келдім. Сөйтіп вокзалда бір жарым күндей жаттым.
Серік Ибрагимиовты Алматы алақанында аялаған. Әнші: «Осы шаһарда алғаш үлкен сахнаға шықтым, танылдым. Үйлендім, баспаналы болып, балаларым өмірге келді»,-дейді.
– Алматы жайлы қызық естеліктеріңізбен бөліссеңіздер. Қалай қарсы алды? Қандай қиындықтар болды?
Серік Ибрагимов, әнші:
– Алматы суығы мен жылуы аралас, әркімге керемет естеліктер сыйлайтын қала ғой. Алматы біреулерге жау қыз болса, біреулерге өте жағымды, мейірімді қала. 2008 жылы келдім. Содан бері Алматы қаласының тұрғылықты тұрғынына айналдым.
«Черный двор» веб-сериалы бағын жаққан Ақжол Пірімбетті Алматы алғашқы кезде құшақ жая қарсы алмаған. Актер Түлкібастың тумасы екен. Қазіргі таңда Оңтүстік астана тұрғынымын,-дейді өзі.
Ақжол Пірімбет, актер:
– Алматыда ең қиын кезең болғаны сол бәріміз Президентский паркта ұйықтадық. Охраниктерден... Олар шығарады ғой түнгі 11-де. Біз қалып қалып. Түнгі 12-де тығылып ұйықтап қалған кездер болды.
- Ол қай жылдары?
- Ол колледж бітіргеннен кейін. 2020-21.
- Ал қазір қайда тұрып жатсың? Жағдайың қалай?
– Қазір жағдай Аллаға шүкір, өте жақсы. Қазір квартирада. Төрт бес бала болып тұрып жатырмыз.
– Қанша төлейсіңдер айына?
- Так... Біз ба? Кстати, бүгін біз төлеп жатырмыз квартираның ақшасын. Бүгін біз 450 мың төледік.
Ал «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайым, Алматы жайлы тек жылы естеліктерімен бөлісті. «Менің бағымды ашқан, жұртқа танытқан қаламен тәтті естеліктер көп»,-дейді.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
– Алматы біздің Қазақстанымыздың мәдениет ошағы ғой. Біз осы Алматыға бала кезімізде... Бала кезімізде Алматыға арман қуып келдік. Осындай үлкен сахнаға шығуымызды армандап келдік. Осындай үлкен концерттерге шығуды армандап келдік. Сондықтан біздің арманымызды орындаған ару Алматы ғой бұл.
Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Алматы – талайларды құшағына сыйдырған алып мегаполис. Бүгін сүйікті қаламыздың құрметіне қойылған, 4 сағатқа созылған оупен эйр де өз мәресіне жетті.