Әлем чемпионатынан кейін боксшылардың өмірі қалай өзгерді?

Сообщить о проблеме с эфиром

Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk

– Олар төрткүл әлемді ауыздарына қаратып, чемпион атанғалы, Қазақстанға келгелі аяқтары жерге тимей құрмет көрсетіліп жатыр. Бүгін бес бірдей батырымыздан сұқбат алу бақыты бізге де бұйырған екен.

Ұлттық құрамамыздың қоржынына алғашқы алтынды – Санжар Тәшкенбай салды. 19 жасар чемпион бірден көзге түсті. Санжар жайлы: «Оны оқудан шығарып жіберіпті», «Қарапайым отбасынан екен» деген түрлі ақпараттар тарай бастады. Солардың бірі:

– Санжардың анасы Астанадағы «Артем» базарда қаттама сатқан деген рас па?

Санжар Тәшкенбай, бокстан әлем чемпионы:

– Конечно рас. Біз осы Астанаға келгенде саудадан бастадық. Сол қаттама деген нан анам өзі сатып бастайтын. Сол базарда полициялардан, әркімнен қашып жүріп солай сататын. Қазір енді Аллаға шүкір. Өзім бәрін қолға алып, әке-шешем де демалып, жұмыс жасамайды. Бәрін өзім жасаймын.

– Ал әкең немен айналысады? Білсек бола ма?

– Таксимен... Таксовать еткен. Таксист. Енді қазір демалады.

Құрама капитаны – Асланбек Шымбергенов. Бокста жүргеніне 20 жылдан аса уақыт болыпты. «Бұйырған бақ деген осы шығар. Сәті енді туған ғой. Тоқтап қалмаймын. Жоспар жетерлік»,-деді Асланбек. Қала берді Шымбергеновты сыйлап, құрмет қылып жатқан атымтай жомарттар жетерлік екен.

– Ел ағалары сыйлыққа жомарт қой. Сізге қандай сыйлықтар беріп жатыр?

Асланбек Шымбергенов, бокстан әлем чемпионы:

– Жамбыл облысының әкімі үш бөлмелі пәтер сыйлады. Ауылымның тұрғындары бір ат мінгізді. Достарым бір ат мінгізді. Аудан әкімі бір ат мінгізді. И бір кәсіпкер ағам тағы бір ат мінгізді.

Ат мініп, ел ағаларымен етене танысып жүрген тағы бір чемпионымыз – Нұрбек Оралбай. Нұрбек: «Танымалдық тез келді. Әлі түсініп үлгермей жүрміз»,-дейді.

– Сендерді тиктокта стримнан жиі көреміз. Батл дейді ғой. Сондай ойнап отырасыңдар Санжар Тәшкенбай екеуің. Жалпы уақыттарың болғандықтан солай көңіл көтересіңдер ма?

Нұрбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

– Жоқ негізі. Қонақтан қонаққа жүріп жүріп жатырмыз қазір. Сол машинаның ішінде енді Санжарды алып алам қасыма.

– Сенің көлігің иә?

– Иә. Менің көлігім. Санжар стрим істеп отырады сол тиктокта. Сол кезде түсіп қалған нелерім ғой негізі. А так былай ондайға уақыт қатты жұмсамаймыз иә негізі.

– Ешкім күмән келтірмеген таза жеңістің авторы – Махмұт Сабырхан. Жалпы жеңісті күндерден кейінгі көңіл күйіңіз қалай? Күндер қалай өтіп жатыр?

Махмұт Сабырхан, бокстан әлем чемпионы:

– Енді жаттығуымызды... Тоқтамаймыз. Босамаймыз. Алдымызда әлі олимпиада ғой. Мақсатымыз. Енді соған еңбек етеміз. Азия чемпионатында күміс алдым. Енді қазақ елі мені: Бұл күміс ала береді. Финалға келгенде жанып кетеді,-деген сөздер қатты өзіме әсер етті. Мен қалайда болсын енді ойларын өзгертем, осы жолы әлем чемпионы боламын деген мақсатпен барғам ғой.

Қазақстанға жалғыз күміс сыйлаған – Дулат Бекбауовты жұрт: «Халық чемпионы» деп атап кеткен. Қала берді Дулат қыздар арасында нағыз «Краш».

– Сұқбаттарыңның бірінде қызыңның бар екенін айтқан болатынсың. Той қашан? Сүйінші жаңалық қашан?

Дулат Бекбауов, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Осы карьерамызды дұрыстап алғаннан кейін Құдай қаласа, осы жақын арада жақсы жаңалықты күтіңіздер.

– Біз сұқбатыңды көрдік: Сонша ақшамен енді үйленбесек болмайды ғой,-деген.

– Иә, ол да бар енді әрине. Облыс әкімдері пәтер сыйлап жатыр. Сол пәтерді жаңа қоныспен, жаңа келін түседі деген ниеттеміз.

– Қызың бұл чемпионатты ұзақ күткен сияқты ғой?

– Қызым бұл чемпионатты ұзақ күтті. Чемпионаттан кейін әлі де күтіп жүр.

Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk

– Ел елеп, жұрт қолдап жатқан жігіттермен аз-кем әңгіме өрбіттік. Жоспарлары да жетерлік. Бұйыртса келер жылы Париже өтетін олимпиадаға жолдама алып жатса, қолдау білдіреміз. Тақым қысамыз.