Қыруар қаржы, ауқымды команда, ұзақ дайындық. Ақан Сатаев үшін «Боксер» фильмі маңызды жобаларының бірі. Алғаш рет биографиялық лента таспалаған режиссер: «Шынайы оқиғаға негізделген туынды түсіру оңайға соқпады», - дейді.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Спорт драмамыз, көрермен үшін алары мол дүние деп ойлаймын. Өйткені, негізінде расымен де бұл тек қана спорт жайлы ғана емес, негізі адамның өмір бойы, өмір жолында чемпион болу. Мысалы Пекинде ұтылып қалып, қол түспей, жігерін, қанаты талмай келіп 4 жылдан кейін Лондонда еліміз үшін 7 медаль алғаны, әрине ол кино түсірерлік жағдай.
Еске салсақ, «Боксер» фильмінің түсірілім жұмыстары пандемияға байланысты бірнеше жылға созылды. Сатаевтың айтуынша, жобаны уақытылы тапсыру үшін, тіпті, жаз кезінде қыс мезігілін кадрда қолдан жасауға тура келген.
Туындыға басы-қасы 900 млн теңге жұмсалған. Режиссер: «Басты мақсат - кеткен шығынды ақтап алу», - дейді. Ол үшін лента еліміздің 75 кинотеатрында 2 ай бойы көрсетілмек.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Жалпы киноөндірірісте киногерлердің жағдайы қиындады. Бірақ оған қарамастан біздер осы жобамызды екі жыл жасап қазір мына үлкен экранға шығарып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Ойлаймын енді Алла бұйырса мына пандемияға дейінгі деңгейде егерде келетін болсақ, біздің өндіріс үшін, экономика үшін негізінде өте жақсы болар еді.
«Қазақфильм» киностудиясының басшылығына келген киногер бүгінде туындылардың комерциялық жағынан да табысты болғанын көздейді.
Серік Сапиевтің спорт саласындағы мансабы бүкпесіз баяндалатын драманың сценарийін Ақан Сатаев, Тимур Жақсылықов және Альмира Тұрсын жазған.
Альмира Тұрсын, актриса:
– Мұндай ауқымды жобаға сценарий жазу мен үшін алғашқы тәжірбие. Оған дейін «Томирис» фильмінде де кішігірім өз үлесімді қосқан едім. Картинаны бастан аяқ жазып шығу өте қиын, сондықтан көптеген өзгерту енгізген сәттеріміз болды.
Ал тарихи туындыда Серік Сапиевті сомдау Смадияр Сабыровқа сеніп тапсырылған болатын. Кино саласына алғаш қадам басқан ол, 800-ден астам үміткерлер арасынан таңдалған. Смадияр бұған дейін әуе компаниясында қызмет атқарған.
Смадияр Сабыров, актер:
– Спорт жағынан да өте қиын болды. Өйткені мен өзім оңақаймын. Серік Сапиев солақай, стойка басқа, стойканы өзгерту керек болды және темп, темпті тездету керек болды. Одан басқа актерлік жұмысты қарағанда, бірінші күннен бастап мен бұрын ойламағанмын, киноға түсу оңай деп. Бірақ именно актерлық шеберлік қарағанда оңай деп айта алмаймын.
Ал спорттық драма тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып ұсынылып отыр. 1-ші желтоқсаннан бастап үлкен экрандарда жарық көретін туындыда сондай-ақ, Бақтияр Қожа, Ирина Ажмухамедова, Зухра Сайпи және Арман Қоңырбаев бой көрсетеді.