Сән десе ішкен асын жерге қоятын жандар мұндай ауқымды шараны сағынғаны сөзсіз! Себебі, карантин кесірінен фэшн патилердің сиреп кеткені белгілі. Тіпті, трендсеттерлер мен инфлюенсерлерді жиған бұл кеште халық әртісі Роза Рымбаева да көзге түсті.
Ал «Kazakhstan Fashion Weeek» ұйымдастырушылары өз кезегінде, дизайнерлер мен сәнсүйерлерді әйтеуір бір шаңырақ астына қосқанына риза. Себебі, карантинде фэшн шара ұйымдастыру оңай шаруа емес.
Алекс Чжен, ұйымдастырушы:
– Карантинның сән әлеміне әсері болғаны рас. Адамдардар шулы шара емес, нағыз құндылықтарды түсінгендей. Сән апталығын қиынға соқты. Қаржы мәселесі, шектелеулер бар дегендей. Оның үстіне адамдарға қазір сән емес, денсаулық керек.
Десе де, сән апталығы әдеттегі дәстүрінен таймастан өтті. Фэшн уиктің соңғы күні топтамасын таныстырғандар арасынан Жарқын Баймахановты кездестірдік. Дизайнердің бұл маусым трендіне қатысты айтары мынау:
Жарқын Баймаханов, дизайнер:
– Бұл маусымда топтамам ұлттық нақышта. Қазақ мәдениетін көрсеткім келеді. Одан бөлек, туындының түсі мен матасы табиғиға жақын. Иә, бұл менің алғаш рет этно стильге бет бұруым.
Сондай-ақ, бұл күні Алекс Чжен, Лария, Самидель сынды сәнгерлер топтамасын таныстырды. Дизайнерлердің туындысында бірізділік байқалмайды. «Яғни, келер маусым қатып қалған тренд жоқ», - дейді олар.
Ал әдемі көйлектердің патшасы Найль Байкучуков болса, жаңа жылдық кештерге арнап әсем образдар ұсынды.
Наиль Байкучуков, дизайнер:
– Карантиндік шектеу мен қиын жағдайға қарамастан, қыздар әрдайым сәнді болып көрінгісі келеді. Сондықтан, стильімізді сақтай отырып, үлгілерді қарапайым еттім. Байқағандарыңыздай, шаштан бетперденің иммитациясын ұсындық. Бұл қазіргі жағдайды көрсетеді.
Осылайша, қазақстан сән апталығы өз мәресіне жетті! Фэшн уик сәтін салса, келер көктем шымылдығын қайта түрмек.