Қазақша вестерн! Екі жылдан бері жұрт сабыла күткен кино, енді үлкен экрандарда. Жылқышылар жанұясына барымташылар түсіп, отағасын ажал құштырады. Содан басты кейіпкер – Әйгерім шиттей бала-шағамен жесір қалады.
Самал Еслямова, актриса:
– Бұл халықаралық жоба және де Дулыға аға сияқты үлкен өзіміздің ағаларымыз керемет актерлар. Ол мен үшін үлкен тәжірибе, үлкен мәртибе. Мен «Айкада» әлі түсіп жүрген кезде, маған осындай ұсыныс келген болатын. Ұсыныс «Киноға түсесіз бе?» деп. Сонда: «Иә, съемка біткен соң түсем», - деп уәдемді бергем.
Отағасы Оңдасынды сомдаған отандық актер Дулыға Ақмолда өзі түскен бірқатар кинодағыдай баскесер, қарақшыны емес, үйі мен жанұясының жағдайын ойлаған мейірімді кейіпкерді сомдайды. «Жанры бөлек, айтары бар кино ғой. Өз көрерменін табатынына сенімдімін», - дейді актер.
Дулыға Ақмолда, актер:
– Бұл нағыз халық көретін, фестивальға да ұялмай жіберуге болатын фильм. Бұл ұялмай халыққа да көрсететін фильм. Образды меніңше өзім айтқаннан көрі, көрерменнің айтқанын қалаймын мен көбіне көп.
Сценарий сюжеті Самал Еслямованың өміріне ұқсап кетеді екен. «Аттарымыздан айырылып қалдық. Қиын кезеңдер еді», - дейді Самал.
Самал Еслямова, актриса:
– «Барымташылар» дейді ғой. Бала кезімде біздің де жылқыларды ұрлаған. Сол есімде қалып қойған. Бұл тақырып туралы кино түсірсе, негізі қаншалықты ол дұрыс емес екенін айтып жатыр сол фильмда, сценарийда. Сол үшін маған қызық болды.
Үнемі ананың образын алып шығатын актрисаға бұл жолғы рөлі қатты қиындық тудыра қоймаған. Себебін өзі былай түсіндірді:
Самал Еслямова, актриса:
– Бұл туындыда, бұл картинада онша қиын болған жоқ. Себебі балалар үлкендеу. «Айкада» енді қиындау болды.
Осыдан бір ай бұрын фильмнің тұсауы Францияның 22 қаласында кесілген еді. «Картинаны көріп, интернеттен бізді іздеп тауып, жақсы тілектерін жазып жатқандар жетерлік. Сол қуантады», - дейді режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.
Ерлан Нұрмұхамбетов, режиссер:
– Көбісі ішіндегісін түсінген сияқты. «Негізі бұл оқиға ана туралы емес. Табиғат пен адамзат» туралы деп өздері жазған екен. Мен өте қуаныштымын оған.