Ресми түрде шымылдығын түрген «Eurovision» конкурсы дәстүрден таймастан, қатысушыларды арнаулы жолаққа жинады. Кілем бойымен жүріп өтіп, көзге түскендердің бірі – Филлип Киркоров болды. Ресейлік әртіс шараға өзі продюсерлік ететін молдовалық әнші Наталья Гордиенконы ерте келген. Алайда, өнерпаз шәкіртіне қолдау көрсетудің орнына сұхбат барысында біраз кедергі жасады.
Филипптың айтулы шараға барын сала дайындалғаны байқалады. Киркоров күртешесінен бастап бетпердесіне дейін «Louis Vuitton»-ға таңдау түсірген. Ресейдің намысын қорғауға келген Манижа да арнаулы жолақта ерекшелене білгендей. Соңғы кездері есімі шудан арылмаған әнші өзінің тәжік ұлттық киімінде төбе көрсетті.
Манижа, әнші:
- Концертте де ерекше киім киемін. Көйлегім тым ауқымды болады. Бұл менің жаныма адамдарды жақындатпай, әлеуметтік қашықтықтықты сақтауға көмектеседі.
Арнаулы жолақтың қызықтары мұнымен таусылмады! Мәселен, Германиялық үміткерлер кешкі концертті күтпей-ақ, өз өнерлерін ортаға салды.
Қысқасы, «Eurovision» ашылу салтанатында өнерпаздар барынша ерекшеленіп қалуға тырысты. Бірі жүргізушімен көңілді сұхбат құруға тырысса, қалғандары әсерлі образдарымен есте қалмақ болды. Ал бабы мен бағы қатар шапқан жеңімпаз есімін көп ұзамай білмекпіз. Еске, салсақ, конкурс 18-22 мамыр аралығында Роттердамда өтеді.