Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі басталды. Конкурсқа 5500-ден аса қатысушының ішіннен 17 үздік үміткер таңдалып алынбақ. Қазылар алқасының құрамында болған Данияр Өтеген көк жәшік арқылы бақылап, бүлдіршіндердің өнеріне баға беру қиынға соққанын айтады.
Данияр Өтеген, «Rin’GO» тобының әншісі:
– Жалпы енді әрине ол қиындау нәрсе. Біз ғана емес менің ойымша бүкіл әлем онлайн деген нәрсеге бір-екі жылда үйреніп қалды сондықтан, мысалы өткен жылы алғаш рет өтіп жатқан кезде мен үшін әйтеуір қиындау болған сияқты. Биыл біз енді бүкіл эмоцияны көретін, еститін нәрсені экраннан көруге үйреніп қалдық.
Еске салсақ, «Бала дауысы» байқауына өтініштер наурыз айынан бастап қабылдаған болатын. Конкурстың басы-қасында болып, іріктеуде ат салысқандардың тағы бірі – әнші Айри.
Ayree, әнші:
– Әрбір бала енді керемет дайындалып келді. Дегенмен әрине де айтамыз ғой орысша «лучшие из лучших» иә сондықтан енді таңдау әлі үстіндеміз. Бірақ дегенмен бірінші күн өтті, сол бірінші күнде фавориттерім бар.
Былтыр тәлімгер ретінде шәкіртімен ақтық мәреге дейін жеткен Ерден Жақсыбаев биыл бір облыстан тек жалғыз үміткер таңдау қажет болғанын айтады. Оның үстіне, таланттылар арасынан ең үздігін іріктеу үшін енді екі финал ұйымдастырылмақ. Сондықтан, өнерпаздарға қойылар талаптар да тым қатал болған.
Ерден Жақсыбаев, әнші:
– Біз іріктеген кезде бүкіл критерийлар тұр ғой. Әрқайсысында даңағы артисттік қабілеті, есту қабілеті және де «ритмика» дейміз ғой. Қуанып отырмын біздің балақайларымызда есту қабілеті, әртістік бәрі бір неге жиналған.
Өнерлі балақайлар арасынан кімнің өрге шабары осы жылдың күзінде белгілі болмақ. Суперфинал 7-8-ші қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында оффлайн форматта ұйымдастырылады.