«Eurovision» байқауына бүгінде батыстық әртістер барын сала дайындалуда! Халықаралық жобаны көптің тағатсыздана тосуына себеп жоқ емес. Еске салсақ, 2020 жылы жарты ғасырдан астам тарихы бар әнсайыс алғаш рет коронавирус кесірінен ұйымдастырылмай қалған еді.
Биыл музыкалық дода 18-22 мамыр аралығында Нилерландының Роттердам қаласында өтеді. Шара офлайн форматта, көрерменмен бірге ұйымдастырылмақ. Алайда, концертке тек 3500 адам қатыса алады. Ал айтулы әнсайысқа пандемия кесірінен келе алмайтын әртістер де табылды. Мәселен, Австралиялық орындаушы Монтень шарада онлайн өнер көрсетпек.
Есесіне, биыл байқауға Ресей атынан аттанатын үміткердің басынан дау арылар емес. «Eurovision» халықаралық жобасында орыс халқының намысын Манижа есімді өнерпаз қорғамақ. Алайда, тәжік ұлты өкілінің Ресей елінің атынан өнер көрсетуі көпке ұнамаса керек. Бүгінде бикеш желіде хейтерлерге тап болдуда. Тіпті, олардың арасында орындаушыға өлім тілегендер де табылды.
Одан бөлек, Манижа ұсынған феминистік бағыттағы «Russian Woman» әні көпке жақпай қалғандай. Тіпті, тректе ресей әйелдерін қорлау фактісіне қатысты тергеу жүргізуді ұсынғандар да бар. Ал Сергей Лазарев, Леонид Агутиндер туындының халықаралық жобаға сай келмейтінін айтуда.
Көптің қарсылығына қарамастан, туындының мәтіні үздік деп танылуы мүмкін! Байқау ұйымдастырушыларының пайымымен трек «Eurostory Best Lyrics Award» марапатының үміткері атанды. Сондай-ақ, Манижаны қолдағандар қатарынан Алла Пугачева табылды. Ал букмеркерлік кеңселер болса, бүгінде Манижаның жеңісіне қатысты бәс тігуді бастап кеткен. Алайда олар әзірге әншіге тек төртінші орын бұйырады деп топшылауда.