Карантинге қарамай, таспаланған туындылар қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром

Карантин кезі кей киногерді шабыттандыра түскендей! Қиын жағдайға қарамастан, тығырықтан шығып, туынды таспалағандар көп. Мәселен, Дәурен Серғазин, Гүлназ Жоланова, Қабдол Тілековтар «Хотя бы кинода» лентасының түсірілім алаңында жүздесті. Актерлар қауымы керісінше мұндай сәтте, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау керек екенін айтады.

Дәурен Серғазин, актер:

- Бұл енді көрерменнің көңілінен сергіту үшін комедия жалпы. Көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін әрине тек қана арзан күлкі емес, ішінде ойландыратын нәрселер бар.

Жұмысқа білек сыбана кіріскен Серғазинге бұл кезең табысты болғаны анық. Актерге «Однажды в отеле» картинасында да басты рөл бұйырған еді. Еске салсақ, әдемі әзілге өрілген лента Квентин Тарантиноның «Төрт бөлме» фильмінің референсі саналады. Тың туынды ұсынған киногерлер карантинге қарамастан, өз көрерменін табатынына сенімді.

Тимур Бақтыбаев, продюсер:

- Екі кином да осы карантиннің кезінде шықты. Енді тәуекелке барып, осы киномызды шығарып, жаман емес Аллаға шүкір, екі кином да өзін ақтады. Енді сол азғантай тапқанымен үшінші киномызға қайтадан салып, түсіріп жатырмыз. Қорқыныш жоқ.

Байқағанымыздай карантин көп киногердің шабытын шалқытқандай. Бұған тағы бір дәлел халықта кең тараған «Дудар» әні сюжеті негізінде аттас лентаның таспалануы. Ондағы басты рөлді Тәуекел Мүсілім сомдайды.

«Дос-Мұқсан» ансамблі туралы байопиктің түсірілуіне де бұл карантин тұсау бола алмады! Тіпті, аталмыш картинаны 5 жыл жоспарлаап, тек пандемияда таспалаудың сәті түскен. Жоба авторларының айтуынша, лента «Queen» тобы туралы «Богемдық рапсодия» фильмінен кем шықпайды.

Алмас Әлімжан, продюсер:

- 60-70 жылдары өте көп топтар болды ғой. Соның ішінен жарып шыққан Дос-Мұқасанның идеологиясы, идеясы неде деген сұраққа жауап беруге тырысамыз. Ал ол идея біздің ұлттық музыканы, ұлттық рухты қолдай білді.

Ал карантиндегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күшеюі Баян Алагөзованың кезекті картинасына негіз болды. Қоғамдағы түйтікілді мәселені көтеруді көздеген продюсер авторлық туындысына кіріскен болатын.