АҚШ-та «NAACP Image Awards» марапаты осымен 52-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Еске салсақ, аталмыш марапат - қара нәсілділерді қолдау қоғамының ұйымдастыруымен жарты ғасырдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – кино, телевизия, театр, музыка мен әдебиетте жетістікке жеткен әр нәсілді жандарды марапаттау. Ауқымды шара пандемияға байланысты биыл онлайн өтіп, кештің жүргізушілік тізгіні әдеттегідей Энтони Андерсонға бұйырды.
Жарты ғасырлық тарихы бар марапаттың шымылдығын АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис түрді. Олар «COVID-19»-пен күрес кезінде барынша жәрдемдескен өнер өкілдеріне алғыс айтты.
«NAACP Image Awards»-та биыл Эдди Мерфидің есімі «Даңқ аллеясына» тіркелді. Мәдениет саласындағы ерен еңбегі үшін майталман актерларға дәл осылай құрмет көрсетіліп, мүсінше табысталады.
Эдди Мёрфи, актер:
– Менің кино әлемінде жүргеніме 40 жылдан асты. 40 жыл сенесіздер ме! Актер үшін әрбір марапат пен құрмет ең бағалы сый деп білемін. Алғысым шексіз!
Ал аталмыш премияда биыл да Бейонсе ұмыт қалмады! Музыка индустрияда талай жыл тер төгіп жүрген әнші төрт бірдей статуэтканы еншіледі. Оның жарық көрген ең соңғы жинағы мен деректі фильмі үздік атанып отыр.
Ковид кесірінен көз жұмған марқұм Чедвик Боузманның да есімі бұл кеште аталды. Өнер иесі «Ма рейни: Блюз анасы» фильміндегі образы үшін «Үздік актер» атағына лайық деп танылған.
Ал «үздік актриса» - Виола Дэвис. Өнер иесі «Ма рейни: Блюз анасы» және «Қылмыс үшін жазадан құтылу» туындылары арқылы топ жарды.