2021 жылда карантин тоқтайды деп сенгендердің бірі - Тәуекел Мүсілім. Сондықтан, шектеулердің әлі де жалғасатынын естіген актердың көңіл-күйі түскендей. Өнер иесі тағы да жұмыссыз үйде отырып қалудан қорқатынын жасырмайды. Таяуда ғана әке атанған ол: «Тығырықтан шығудың жолын іздестіру керек»,- дейді.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Былайша, әрине, қаржылай тұрғыда қиын оның бәрі, жұмыс болмаған кезде. Түсініксіз, не істерің қалай істерің. Не болатынын білмейсің. Сол себептен әрине болып жатса, күтеміз шыдаймыз. Басқа амал жоқ.
Есесіне, экс-Кешьюлік Элизат Берікова болса, жұмыссыз қаламын деп сары уайымға салынғысы жоқ. Екі баланың анасы карантин күшейтілсе, бұл кезеңді үйде, жақындарымен бірге өткізуге ниетті.
Элизат Берікова, әнші:
- Не істейміз енді, бәріне көнеміз. Ешкімнің үйіне қонаққа бармай, алдындағы карантин сияқты үйде отыруға тырысамыз тағы да. Құдайдың берген індеті, әйтеуір бәріміз аман есен шықсақ болды ғой. Аман есен шығып, бітсе, өмір әлі жалғасып жатыр ғой.
Керісінше, карантин Жания Джуринскаяға жағымды жаңалықтарға толы болды. Мол табыс пен оның жеке өміріндегі өзгерістері дәл осы кезеңде орын алған-ды. Сондықтан бикеш тағы да төтенше жағдай жариялана қалса, көңілін әсте түсірмек емес.
Жания Джуринская, актриса:
- Егер карантиннің келесі толқыны болса, демек біздің вайндарымыз одан сайын көбейеді деген сөз. Рас. Үйде зерігіп видеолар түсіргеннен басқа не істейміз?