Санжар Мәди әлемнің жарығын сыйлаған жанды бағалауға шақырады! Актер «аналар күні» мерекесіне орай дәл осы тақырыпта әлеуметтік ролик таспалап, ет жақындарымызға уақыт бөлу керек екенін көрсеткен.
Санжар Мәди, актер:
– Әлеументтік роликке келген пікірлерге қарағанда ол көптеген жанның жүрегіне жете білді. Біз аналарымызды бағалау, сыйлау сияқты құндылықтарды ұмытпауымыз керек деген мақсатпен түсірдік.
Алайда актер осы уақытқа дейін бұл мереке жайлы білмегенін айтады. Десе де, Санжар мейрамсыз-ақ, қолдан келгенше жақынын қуантуға тырысады екен.
Санжар Мәди, актер:
– Есімде қалған ең қымбат сыйлық ол әшекей болған. Бірақ дегенмен, анамызға қандай бағалы тарту етсек те, ана алдындағы парызымыздан құтылмайтынымыз анық.
Қазақстанда қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланатын «аналар күні» мерекесі жайлы Аян Бірбаев та бейхабар екен. Бұл туралы алғаш естіген әнші: «Бұдан-былай мейрамды қалт жібермеймін», - деп отыр.
Аян Бірбаев, «Rin’Go» тобының әншісі:
– Шынымды айтсам осы уақытқа дейін аналарымыздың мерекесі 8-ші наурыз деп ойлап келген едім. Мамамның мұндай жеке төл мейрамы бар екенін білген де емеспін.
Бүгінде анасымен тик-ток түсіріп жүрген Аян, тарту таңдауға келгенде креативтен жұрдай екенін жасырмайды. Бірбаев тіпті анасына үйге арналған керек-жарақ сыйлаймын деп жұбайынан ұрыс естіген екен.
Аян Бірбаев, «Rin’Go» тобының әншісі:
– Білесіздер ма, әр жыл сайын анама не сыйласам екен деп бас қатырам. Ақыр соңы таңдауым қазан сынды ыдыс-аяққа түседі. Мұны естіген әйелім: «Анаңа қазан сыйлап, тамақ істетіп қоймақышысын ба», - деп ұрсады.
«Аналар күніне» ет жақындарын құттықтаған жұлдыздар бұл ғана емес!
Мәселен, Марсель, «Ринголық» Данияр Өтеген және Еркебұлан Дайыров желіде жүрекжарды жазба қалдырған. Ал Баян Алагөзованың кенжесі Айару бұл мерекеде анасына гүл сыйлады.