Мәдениет министрлігі шоу-бизнес өкілдеріне арнап жаңа заң әзірлеуде. Әлі сиясы кеппеген қаулы, аз уақытта үлкен шу тудырып үлгерді. Ереже бойынша енді әнші тек жанды дауыста ән айтуға міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда, орындаушы халыққа фонограмма қолданғанын ескертуі керек және ондай концерттердің билет бағасы да айтарлықтай арзан болуы шарт.
Жаңа заң бойынша сахнаға мас күйінде шыққан немесе көрерменге балағат сөз айтқан әртіс те, оның продюсері де, тіпті шара ұйымдастырушыса да жазаға тартылып, айыппұл төлейді.
Аталмыш өзгерістерге Алуа Қонарова толық келісе алмайтынын айтады. Продюсер: «Әншілерге жағдай жасалмаған. Көп жердің аппараттары ескі. Жанды дауыста ән айтуға мүмкіндік бола бермейді», - дейді.
Алуа Қонарова, продюсер:
-Фонограмманы тек телевизиялық жобаларға ән айтуға барғанда ғана қолданса болатын шығар. Себебі, сол баяғы музыкалық құрылғылар дұрыс емес. Бірақ соған қарамастан бүгінде біраз әртістер бағдарламаларда, тірідей дауыста әндерін айтып жүр. Техникалық жағынан қиын. Осы мәселені де қатар қарастырған дұрыс деп есептеймін.
Қала берді енді ән мәтіні де жіті бақылауға алынады екен. Егер туындыда балағат сөздер болса, ол тректі келесі рет сахнада орындай алмайсыз. Әлі нақты нүктесі қойылмаған заңға рэперлердің де айтары бар.
IntroVert, рэпер:
- Бұл мәдениет, оның шегі жоқ. Хип-хоп әлемі о бастан, өмірдегі бар мәселелерді музыкамен жеткізудің бір тәсілі болды. Сондықтан рэперлер трекке түрлі балағат сөздерді қосса, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Олар өмірде қандай, өнерде де сондай болғысы келеді. Ешқандай бетпердесіз.
Ал жастар арасында кеңінен танымал Bonapart болса: «Әртістерді шектеген дұрыс емес. Әркім өзіне керегін алады», - деп кесіп айтты.
Bonapart, рэпер:
- Менің ойымша, әртіс егер өзіне ұнаса, егер өз образын солай, адамға көрсетіп отырса, беріп отырса. Міндетті емес, әрбір адам өзі басы бар, жаңағы ол адамның жақсысын немесе, жаманын алады әртістен.