Ерек образ мен көрікті мекен! Баяна Бокишеваның кезекті фотосессиясы ашық аспан асты, табиғат құшағында өтті. Сәнбике сапалы кадр үшін таң атпастан, Алматы қаласынан 183 км жердегі Бартоғай көлі маңына аттанған. Ал арудың киген үлгілері отандық дизайнерлердің қолынан шыққан туындылар.
Баян Бокишева, сәнбике:
- Бүгін біз журналға арнап, едиториал түсірдік. Басылым келесі айда жарық көреді. Түсірілім жұмыстары өте керемет өтуде. Себебі туған жердің әсем табиғатында түсіріп жатырмыз. Оны күллі әлемге таныту мен үшін мәртебе.
Баяна түсірілім барысында басы-қасы 8 образ ауыстырды. Сәнбике әрдайым шетелде жүрсем де, отандық дизайнерлерді қолдап жүремін дейді.
Баян Бокишева, сәнбике:
- Мен әрдайым отандық дизайнерлерді танытуға тырысамын. Қазақстанға келген сайын еліміздегі сән үйлерімен барынша байланыста боламын.
Еске салсақ, Баяна Бокишева соңғы 5 жылда шетелде өмір сүрді. Модель: «сол уақыттан бері алғаш рет Қазақстанда ұзаққа тұрақтадым», - деп отыр. Ет жақындарының қасынан табылғанына қуанса да, пандемия сәнбикенің біраз жоспарының күл-талқанын шығарған.
Баян Бокишева, сәнбике:
– Шекаралар жабық болғандықтан, менің келісімшарттарымның уақыты өтіп барады. Карантин жеңідетіле сала, шетелде жұмыстар басталып кетті. Сол елдерге жете алмағандықтан, көптеген жобадан бас тартуға тура келіп жатыр.
Талай жыл фэшн индустрияда жүрсе де, Бокишеваның инстаграм желісінде 8 мыңнан астам ғана оқырманы бар. Баяна ғаламторда аса белсенді емес көрінеді.
Баян Бокишева, сәнбике:
– Иә, шығармашылық адамы болсам да менің оқырмандарым өте аз. Тіпті алғашында әлеуметтік желіден мүлде бас тартқан едім. Бірақ кейіненнен жұмысым үшін желінің маңызы бар екенін түсіндім.
Баяна енді шекара ашыла сала, АҚШ-қа аттанбық. Себебі сәнбике Лос-Анджелесте өтетін фэшн көрсетілімдеріне шақырту алып үлгерген.