Карантин – көп сахна саңлақтарының, сала ауыстыруына ықпалын тигізген кезең болды. Мысалы, нәпақасын наннан тапқандардың бірі, наубайшылыққа бет бұрып жүрген актер – Олжас Әлжанов. Түсірілімдері тұралағаннан кейін Олжас, анасымен бірге тәтті пісіріп, сатуды қолға алған.
Олжас Әлжанов, актер:
– Көптеген түсірілімдер, қазір ештеңе жоқ, жүргізушілік жоқ, не істейміз деген. Қазіргі таңда енді анамның кішігірім сүйікті кәсібіне көмектесіп жүрмін. Сатуға, жаңағы тәтті бәліштерін, пирогтарын жеткізіп беруге. Егер олай болмай жатса, карантин шыныменде ашылмай жатса, біреу-біліп, біреу білмесе менің энергетика саласында жұмыс істегем кезінде. Мамандығым сондай. Сол жаққа қайтып барармыз.
Карантин кезінде мамандығы мардымды табыс әкелмегендердің бірі – Дидар Кәден. Әнші үйде қол қусырып босқа жатпастан, түрлі қосымшалдарды игеруді қолға алғанын айтады.
Дидар Кәден, әнші:
– Негізі ой болған, мамандық ауыстырам ба немесе жаңағы қосымша курстар өтіп алам ба деп. Сосын әрі ойлана, бері ойлана ең басында, карантинде мартта фотошоп үйреніп алдым. Банерлер жасауға, дизайн жасауға.
Карантинде Кәден-тегінің достары да шопырлықты қолға алып, адам тасып күндерін көріпті. Дидар: «қажет болса, мен де такси жүргізушісі атануға қарсы емеспін», - дейді.
Дидар Кәден, әнші:
– Егер де қиыншылық туып жатса, көлік бар неге шықпасқа. Ол тек менің жеке басымның шаруасы. Ертең «Дидар Кәден таксовать етіп жүр екен» деп айтса, мен оған арланбаймын. Өйткен мен бала-шағамның нәпақасын тауып жүрмін да.
Той тоқтағанымен, түсірілімі тоқтамағандардың бірі, беташарға жаңа леп алып келген вайнер – Қабдол Тілеков. Шоумен қаржы табудың жаңа жолдарын іздеп бас қатырмағанын, бірақ реті келсе саудаға кететінін айтады. Қазірдің өзінде Қабдол, жаңа телехикаяның түсірілім алаңында жүр.
Қабдол Тілеков, вайнер:
– Егер карантин жалғасатын болса, мен өз мамандығымды өзгертпеймін. Бірақ тағы да бір жұмыс істейтін едім үстінен қосып. Мысалы саудагер, киім, интернетте жұмыс жасар едім.