Димаш Құдайберген америкалық танымал музыкалық лейблмен келісімшартқа отырды! Сондай-ақ, отандасымыз қазақ тілді альбом жазу үстінде. Бұл туралы Димаштың әкесі Қанат Айтбаев айтып берді. Одан өзге, әлемді аузына қаратқан әншінің біз білмейтін жаңалықтары қандай? Келесі сюжетте.
Димаш Құдайберген бұдан-былай АҚШ-тағы «IPZ» танымал продюсерлік орталығының әншісі. Музыкант күні кеше белді музыкалық лейблдан шақырту алып, ресми түрде келісімшартқа отырды. Енді оның жоспары мен жарнама мәселесі түгелдей «IPZ»-тардың қолында.
Құдайберген-тегінің шығармашылығындағы жағымды жаңалық бұл ғана емес. Өнерпаз қазақ тіліндегі тырнақалды альбомын жазып жатыр. Димаштың әкесі Қанат Айтбаевтың айтуынша, өнер иесі соңғы кезде бар уақытын студияда өткізіп жүр.
Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:
- Ол оңай процесс емес. Бірақ уақытты алады. Ол деген әп-сәтте отырып бір 2-3 күнде істей салатын іс емес. Ол ұзақ процесс. Ол үлкен шабыттың үлкен ізденістің, үлкен күштің бірігуінің қажеттілігін туындататын әлем.
Димаш кезекті үнтаспасын талантты композитор Қуат Шілдабаевпен бірге таспалауда. Еске салсақ, сазгер бұған дейін Батырхан Шүкеновтың талай хит әнедерін жазған болатын.
Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:
- Димаш енді көптен бері орындап ойға алып жүрген жоспарлың істерінің бірі. Сондықтан енді Қуат ағасымен 3 жылдан бері қарай жұмыс жасаймын деп алға қойған мақсаттарының бірі арман тілектерінің бірі. Енді қазір карантиннің кезінде осы сәтті пайдалана отырып, бір жақсы істерді қолға алып жатыр.
«Десе де, карантин Димаштың біраз жоспарын күл талқан етті», - дейді Қанат Айтбаев. Пандемия кесірінен муызкант талай концертін кейінге шегеріп, кейбірінен бас тартуға тура келген.
Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:
- Енді осы карантинге дейін концерт өткізу іскерлік ұсыныстар келіп түскен болатын. Сол Латын Америкасынан да келді, Азия мемлекеттерінен келді, мына Қиыр Шығыс елдерінен мына таяу шығыс елдерінен көптеген ұсыныстар болған-ды. Соның бірнешеуіне біз келісіп те қойған болатынбыз.
Дәл осылай, ұлының шығармашылығына білек сыбана кіріскен Қанат мырза өз өнерін шетке ысырғанын жасырмайды. Кезіндегі әйгілі Айтбаевтар дуэты, бүгінде жай ғана Димаштың ата-анасына айналған.
Қанат Айтбаев, әнші:
- Енді қазір кәсіптік сахнадан көбірек алыстап кеткеніміз рас. Бірақ анда-санда жанның қалауы үшін, көңілдің бір әдемі сәттерін пайдалана отырып сахнаға шығуды іздейтін кездеріміз де болады. Сондықтан енді анда-санда бір шақырған жерге барып өнер додасынан бой көрсетіп тұратын кездеріміз де көбірек болады деп ойлаймыз.