Авторлық құқықтан түсер қаржы қанша?

Сообщить о проблеме с эфиром

Композиторлар мен әншілердің туындылары той-мерекеде, іс-шарада, әлдебір мекеменің, мейрамхананың ішінде орындалар болса, онда автор мен орындаушы одан қандайда бір пайызы мен үстемақысын алып отыруы тиіс. Бірақ «құқығымызды қорғайды, қаламақымыздан қақпайды» деп құрған ұйымдары әртістердің ақыларын ауыздықтап қалатын көрінеді. Мәселен, ән де, сөз де жазатын Дидар Кәден осы уақытқа дейін қаржыға қарық болмапты.

Дидар Кәден, әнші:

– 2019 жылы мен алғаш рет барып, 70-80 мыңының көлемінде ақша алған болатынмын. Ол бірінші рет. Одан кейін барып, үлкен бір дау-дамай басталды. Осы жаңа жылдың алдында қателеспесем, қазан айында барып жаңа әндерді тіркеуге барған кезде, үлкен өзгеріс болып жатыр деді. Енді бізге де қызық қой, қалай түсіп жатыр, не түсіп жатыр? Қайдан түседі ол ақша?

Зияткерлік меншік құқығын қорғайтын бірлестіктерге өкпесі бар жалғыз Дидар емес. Талай ғұмырлы туындыларды өмірге әкеліп, есті әнді жетеріне жеткізіп орындап жүрген Тоқтар Серіков те, қаламақысының қайда кетіп жатқанын түсінбей дал.

Тоқтар Серіков, әнші:

– Біздің қоғамда, жалпы Қазақстанда авторлық қоғамдар деген өте баяу жұмыс жасайды. Мен сазгерлер, композитор одағында да бармын, мен орындаушыларда да бармын. Себебі мен өзім әншімін, өзім ән шығарамын. Сөзін жазған әндерім де бар. Бірақ қаламақы жөніне келгенде өте сылбыр, баяу.

«Әндерімнің үлкен сұраныста екенін білемін» деген ағамыз, бұрындары қаламақыдан тарылмағанын айтады.

Тоқтар Серіков, әнші:

– Осыдан бес-алты жыл бұрынға дейін бізде композиторлар одағынан жақсы бөлініп тұратын. Жағдай жақсы берілетін. Біздің орындалған әндеріміздің қаламақысы жақсы болатын. Қазір мүлдем жоқ. Барсаң алуға ұялатын қаламақылар береді. Жасыратыны жоқ. Ал мен өз басым білемін, менің әндерім қаншалықты орындалып жүргенін.

«Ақшаға бола араздасып, саудаласқанды жаным сүймейді» деген Серіков еңбегінің желініп жатқанына қапалы.

Тоқтар Серіков, әнші:

– Ең көп алған қаламақым, жинап-жинап 500-600 мың алған кезім болған. Одан кейін 35 мың, 25 мыңға дейін түсіп кеткен кездері болды енді. Осы бізге беріліп жатқаны...

Ал аз уақытта «Опмай-опмайлары» вирусша тараған «Бақайлықтар» қаламақыларын қаппен алып кетуі керек шығар. Өйткені мереке-думанда, той-томалақта осы топтың әндері шырқалатыны бесенеден белгілі. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты.

«Бақай» тобы:

– Кей кезде 50 мың түседі, кей кезде 15 мың, кей кезде 100 мыңнан асып кетеді. Енді ол үш ай сайын берілетін қаламақы ғой.

Отандық әртістердің айтары осы. Ал шет елдің шоу-бизнесіндегі, «Форбста» көш бастап жүрген әншілер ақыларын ағызбай-тамызбай алып жүргендей. Әр альбомы мен трегінен түскен қаражат қалтасына құйылып жатқаны анық.