Отандық прокатта киномандар таласа тамашалаған фильмдер тізімі анықталды! «Тикетон.кз» сайтының мәліметінше, кассалық табысымен өткен уик-эндте «Bad Boys 3» фильмі көш бастайды.
48 млн теңгеден аса қаржыға кенелген «Bad Boys» айналымдағы алғашқы аптада-ақ топ жарды. Әйгілі актерлер Уилл Смит пен Мартин Лоуренс талай жылдан кейін сүйікті кейіпкерлерінің образына қайта енген еді.
Еске салсақ, «Bad Boys 3» 1995 жылы жарық көрген. Ал сиквелдың екінші бөлімі 2003 жылы таспаланған. Су жаңа лента әдеттегідей қос детективтің бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Бұл жолы да полиций қызметкерлері талай қылмыстың бетін ашпақ.
Екінші сатыға 15 млн теңгеге жуық пайда тапқан «Қарғыс» хорроры жайғасты. Отандық кинопрокатта көрерменнің көңілінен шыққан қорқынышты туындыны режиссер Николас Песке таспалаған-ды.
Фильм оқиғасы отанасының өз отбасы мүшелерін өлтіріп тастауынан басталады. Енді жалғыз басты ана детективпен бірге өзінің қорқынышты әрекетінің сырын білуге тырысады.
Ресейлік «Армандар марафоны» лентасы ТОП үштікті түйіндейді. 14 млн теңге кіріс көрген мелодрамада актриса Аглая Тарасова мен Дмитрий Нагиевтың ұлы – Кирилл басты рөлдерді сомдайды.
Ал лента Марина есімді қыздың өмірін суреттейді. Әрдайым жолы болмайтын ару ғажайыпқа тап болып, өзінің ең басты 7 арманын орындау мүмкіндігіне ие болмақ. Тіпті бикеш, шынайы махаббатын да кездестіреді.