Бақұл бол аңыз адам! Талантты баскетбол ойыншысы, NBA-дың жұлдызы Коби Брайант тікұшақ апатынан көз жұмды. Деректерге сүйенсек, әуекөлікте спортшыдан өзге оның 13 жастағы қызы Джианна Мария және тағы 7 адам болған. Спортшы достарымен бірге жаттығуға бағыт алған көрінеді. Алайда, тік ұшақ әзірге белгісіз бір себептермен, Лос-Анджелес округіндегі Калабасас қаласының маңында құлап, ондағы жолаушылар түгелдей көз жұмған.
Қаралы хабарды естіген Кобидің жанкүйерлері Лос-Анджелестегі Стейплс ортылығының алдында жиналды.
– Кобиді бала күнімнен бастап білемін. Сол сәтте ол да, жап-жас, ап-арық жігіт еді. Оның мачтарын көріп өстім.
– Жаңалықты ести сала, жылағым келді. Кобиге қатысты талай естеліктер мен қызықты сәттер есімнен кетпес.
41 жастағы баскетболшының артында әйелі Ванесса Брайант пен үш қызы қалды. Коби Брайант 1996-2016 жылдар аралығында "Лейкерс" клубында өнер көрсетті. Мансабында NBA-дің бес дүркін чемпионы, финалдық серияның екі дүркін MVP-і атанған. Сондай-ақ, жұлдыздар матчына 18 рет қатысқан.
Баскетболшы 2016 жылы мансабын аяқтады. Өмірінің дәл осы маңызды сәтіне арнап, спортшы «Қымбатты баскетбол» өлеңін жазған еді. Кейіннен аталмыш туынды негізінде қысқаметрлі мульфильм таспаланып, лента «Оскар» марапатын еншіледі. Анимациялық туындыны Кобидің өзі дыбыстаған.