Отандық киногерлер қандай саундтрек таңдайды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Киноны музыкасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, білікті продюсерлер фильмнің саундтрегін танымал әншілерге сеніп тапсырады. Дегенмен, бізде өз туындыларына қоластындағы жобаларын таңдайтындар да бар. Мәселен, өткен жылы продюсер Гүлнұр Мамасарипованың жарық көрген «Я тебя люблю» фильміндегі саундтректі, басты рөлді сомдаған қызы Сара Амангелді орындады.

Ал Баян Алагөзованың қай жобасын алсақ та, «Кешьюсыз» саундтрек жазбайтыны баршаға мәлім. Кеше ғана трейлері жарық көрген «Я – пышка» фильмінің басты әнін продюсер ханым отандық рэперлер мен өз қарамағындағы гелзбендке тапсырып, бейнебаянын түсіру жұмыстарын бастап кеткен.

Бір оқпен екі қоян атып, кино туындыларына өз әншісінің репертуарын қолданатын Баян ханым ғана емес. Продюсер Ақылбек Досжан да НТК арнасында өткен аптада тұсауы кесілген «Қыз қиялы» телехикаясының саундтрегіне музыкалық жобасы Дана Кентайдың «Менімен сөйлесіңізші» әнін бекіткен. Қаралымы бойынша көш бастап, аз уақыттың ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген туындының атауы да Дананың әні болып шықты.

Ақылбек Досжанов, продюсер:

- Менің продюсерлігімде болғандықтан емес, мен қанша сериал түсірсем де екі жерде болған шығар Дананың әні. Ол негізінде Дананың лирикасы келіп тұрғандықтан кейін, көбінесе режиссердың ұсынысымен.»

Қолынан келсе, қонышынан басуға тырысатын продюсер осыдан 5 жыл бұрын үлкен сахнаға енді қадам басқан жобасының «Ұмыттың мені қалай» атты тырнақалды туындысын да «Айжан» мелодрамасының саундтрегі ретінде таңдаған. Осылайша, әннің де, әншінің де бағы қатар жанған болатын.

Ал режиссер Олжас Нұрбай, әр жобаға лайықтап ән жаздырғанды жаны сүйеді. Тіпті бұл өз кезегінде фильм продюсерінің қалтасына ауырлық түсірсе де, қалауымды орындауға тырысамын дейді.

Олжас Нұрбай, режиссер:

- Бұл жердегі мақсат әншіні продвигать ету емес, мақсат киноның құндылығын арттыру.

Сондай-ақ, режиссер бүгінде кино үшін ән жазтын жас таланттардың көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Олжас Нұрбай, режиссер:

- Бізде андэграунд музыка жақсы дамып жатыр. Назарбек, оның бастамасы Молданазар деп ойлаймын. Дархан Жүз бар, Қазір керемет әншілер шығып жатыр, Бонопарт дейді, әндері өте сапалы, мағыналы және әндерінің көбісі, айтпақшы, киноға жақсы келеді.