Экс-аюмилік Айдана Мәлік қос жанарынан айырыла жаздады. Қабақты отасыз өзгертетін процедураға барған әншінің анестезиядан кейін көздері ісіп кеткен екен. Осылай, Айдана тегін дүниенің құрбаны бола жаздаған. Оқырмандарына «жарнамаға сенбеңіздер» деп кеңес берген әншінің постына, экс-продюсері Алуа Қонарова да пікір қалдырыпты. RINGO WORLD-тың «анасына» да бұл процедураны тегін жасап береміз деп ұсыныс тастағандар болған екен. Дегенмен, Алуа ханым отадан бірден бас тартқан.
82 жасында үйленіп, желіні шулатқан әнші Нұрғали Нүсіпжанов енді жаңа образымен елді таңқалдырды. Әнші Мәдина Сәдуақасова өзінің парақшасына халық әртісімен түскен фотосын жүктеп, өнердегі ағасының жаңа стилі мен шаш үлгісіне тамсанғанын жазған. Ал қазнет қолданушылары «жас келіншегі құлпыртып жіберіпті», «үйленген жаққан сияқты» сынды пікірлер қалдырған.
Тұрсынбек Қабатов бастаған Елордалық еріктілер жарыса қар күреуге кірісті. «Біз біргеміз» деп аталатын бұл челлендждің басты мақсаты Нұр-Сұлтан қаласын қалың қардан тазарту. Әзілкешті қолдап, қала көшелеріне шыққандар қатарында әзірге тек журналист Асхат Садырбай мен «Назар аудар» театрының актерлары ғана бар. Ендігі эстафетаны еліміздің өзге қалаларына табыстаған Қабатов, «әр азамат шаһар тазалығы мен тәртібіне өз үлесін қосу керек» деп санайды.