Батырхан Шүкеновтың директоры болған Олжас Байқанов ауыр күйде! Күні кеше оның үйі өртке оранып, отбасымен бірге бір өлімнен аман қалды. Олжастың айтуынша, оқиға таңғы 4-тер шамасында болған. Жанұясымен бірге, қалың ұйқыдан қара түтін тұмшасынан оянған ол, аман қалуымыз екіталай еді деп отыр.
Олжас Байқанов, Б. Шүкеновтың досы:
- Жақындарымның денсаулығы оңалды. Мен де ақырындап сауығып келем. Ауруханадан шығып, қазір үйде емделіп жатырмын. Бронхит және жоғарғы тыныс алу мүшелерім күйген. Жағдайым әзірге осындай.
Өкініштісі, қызыл жалын Батырхан Шүкеновке қатысты бар мұрағатты да күлге айналдырған. Еске салсақ, Олжас Байқанов бірнеше жыл бойы музыкант атындағы қордың директоры қызметін атқарған еді.
Олжас Байқанов, Б. Шүкеновтың досы:
- Үй түгелдей жанып, күлге айналды. Сондықтан оның ішінде болған Батырдың архивтері мен менің архивтерім, hard дискіде сақталған суреттер, видео, аудио да күлге айналды.
Өрттің неден орын алғаны әзірге анықталып жатыр. Қазіргі таңда Еркеш Шәкеев бастаған Байқановтың достары ақша жинауда. Қаржылай қолдау көрсетеміз деген қайырымыды жандар болса, Олжастың отбасы дәл қазіргі сәтте көмекке зәру. Бүгінгі таңда ол қала сыртында тұратын туысқандарының үйін паналауда.