«Дон Паскуале» операсы итальяндық режиссер, сценограф, костюмдер бойынша дизайнер Маттео Маццонидің бастауымен, Алматыда араға 64 жыл салып қайта сахналанып отыр. Маттеоның айтуынша, бұл операға – өткен ғасырлардағы әйелдерді талай зұлматтан азат еткен, «Еркіндік» символы ретінде танылған Норинаның көзімен қарау екен.
Маттео Маццони, италяндық режиссер:
- Қазақстандық актерлардың еңбекқорлығына таңғалдым. Тіпті өздерін аямай жұмыс істейді екен. Ұйықтамаса да, дайындықта жүреді. Ізденімпаздықтан бөлек, қазақ жастары өте білімді екен. Ағылшын тлін жақсы біледі.
Жаңа қойылым – итальяндық стильді, күрделі сценографиялық сюжетті, арнайы эффектілер мен «уақыттан уақытқа ауысатын» қозғалыстарды өте әдемі қамтыған. Барлық заманауи технологияны опера әлемімен үйлестірген – Лука Атили есімді танымал суретші. Ол операны түрлі бейне проекциялармен толықтырылыпты.
Маттео Маццони, италяндық режиссер:
- Заманауи технологиялармен өңделген қойылымды көрерменге ұсыну оңай шаруа емес. Дайындыққа қанша уақыт жұмсадыңыздар?
- Дұрыс айтасыз, оңай болмады. Техниканың аты, техника. Бұзылмай тұрмайды. Жүгіріп барып жөндеп, дайындықты жалғастырып жүрдік. Жыладық, күлдік. Қаншама жүйке жұқарды. Дайындық 1 айдың айналасында болды. Дегенмен, қойылым барысында мен залда қалт еткен адам баласын көрмедім. Бәрі сахнадан көз алмай, тапжылмай отырып спектакль тамашалады.
Доницеттидің «үш бөлімді драма-буффа» деп өзі атаған операсының сюжетінде, көрермендер бас кейіпкерлер - қарт Дон Паскуалемен, оның жас жиені Эрнестомен, айлакер дәрігер Малатестамен және Норина сұлумен кездеседі. Норинаның рөлін бәріне белгілі Зарина Алтынбаева алғашында рөлінен бас тартпақ болыпты.
Зарина Алтынбаева, опера әншісі:
– Норинаның рөлін сомдайтыныңызды білгенде, іштей үрей болды ма? Мысалы қалай шығады екен деген секілді?
- Үрей болды. Шыны керек, маған «Норинаны сен ойнайсың» дегенде ат тонымды ала қашқаным рас. Өйткені ол әйел ақшаға сараң, бәрін есеппен жасайтын қулығы бар келіншек қой. Сонысымен бірдей ұнай қоймады. Бірақ режиссерымыз Маттео мені сендірді. Сосын ғана келістім.
Ең қызығы жетпісті желкелеген Донның рөлі, отызға жаңа толған Таир Тәжі есімді актерға бұйырыпты.
Таир Тәжі, бас кейіпкер:
– Дон Паскуале спектакльда, қойылымда 70 жаста. Ал сіз отыздар шамасындасыз. Рөлге кіру қаншалықты қиын болды? Алып шыға алдыңыз ба?
- Негізі аздап қиындықтар болды. Мәселе гримде емес, жас аралығында туындады. Донның үнемі жөтелетін, ақсаңдайтын әдеттерін қайталап отыру оңай емес екен. Бірақ көрермен жақсы қабылдаған секілді. Режиссер де рақметін айтуда.
Актерлардың ойынына тәнті болған тек қана Италияндық режиссер емес, сонымен қатар Ресейлік сыншы да таңданысын жасырмады.
Лейла Гучмазова, ресейлік сыншы:
- Бүгінгі қойылымның деңгейіне қарап, ойынның шеберлігіне қарап шын демалдым. Бағана актерларға да рақметімді айттым. Режиссер де жан алысып, жан берісіп жүгіріп жүрді. Еңбектері ақталды деп ойлаймын.
«Дон Паскуале» операсының соңында залдағы көрермен көпке дейін қол шапалақтап, әртістерге құшақ құшақ гүлдер ұсынды.