Жақында ғана "Жыл таңдауы" байқауында бой көрсетіп, жұрттың ықыласына бөленіп жүрген жас әнші Айбек Серікханов 15 жастағы қарындасы Алуамен бірге жантүршігерлік жол апатына түсіп, бір ажалдан аман қалды.
Айбек тізгіндеген Hyundai Getz автокөлігі оңтүстік бағытта Іле трактымен қалаға қарай беттеген. Ал солтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz көлігі сол кезде қарама-қарсы жолға шығып кетіп, көлік қақтығысын тудырыпты.
Айбек Серікханов, әнші:
– Қатты жүрген жоқпыз. Бір алпыспен келе жаттық. Сосын алдымыздан «Mercedes-Benz» автокөлігі встречный полосаға шықты. Шыққанда прямо, 2 метр қалғанда алдымнан шыға қалды. Даже бұрып үлгерген жоқпын. Тормозды басып та үлгерген жоқпын.
Ары қарай бәрі түнектегі түстей орын алған. «Өлген жерім осы екен» деген әнші, бірнеше минут ес-түссіз жатқан. Ояна сала қансыраған қарындасын көріп жылап жіберген.
Айбек Серікханов, әнші:
– Қарындасым қолы майыстырылып, қолы рульда... Басы вообще екі орындықтың ортасында жатыр екен. Сосын «Алуа, Алуа, Алуа» деп. «Тұршы Алуа, тұршы» деп. Алуаның дауысы шықпайды. Сосын ол менің түрімді көріп жылай бастады. Оның беті қан, менің де бетім қан-қан. Скорый жарты сағаттан кейін келді. Анау водитель машинадан шыққан да жоқ. Ол без сознания жатты. Сөйтсе ол мас екен. Ішіп алған.
Айбектің туыстарының айтуынша, жол көлік апатын тудырған Іле аудандық полиция департаментінде қызмет атқарған, 1973 жылы туған Мұхтар Шондыбаев есімді экс-полицей. Ол әлі күнге дейін Серікхановтар әулетінен кешірім сұрамапты. Бүгінде Айбек пен Алуа екі бөлек ауруханада жатыр. Жаны қиналса да, Айбек өз хәлін өзі баяндап берді.
Айбек Серікханов, әнші:
– Қарындасымның қолы сынған, гипс. Сосын сотрясение алған. Менің пока сол көзім дұрыс көрмейді. Авария кезінде вообще көрмей қалды сол көзім. Енді қазір ақырындап, мутный, скотч тұрған сияқты как будто көзде. Мұрным сынған бірақ әлі операция жасаған жоқ. Қазір сотрясение алғандықтан тұруға болмайды деді. И сотрясение кезінде операция жасауға болмайды екен. Сосын рульға кеудеммен соғылғандықтан кеудемде ушиб па, трещина ма соны көре алмай жатыр.
Ал жан досының жаны аман қалғанына шүкіршілік еткен – Тәуекел Мүслім, кінәлі тарап тиісті жазасын алса, «Бармақ басты, көз қыстылық» орын алмаса дейді. Және ол досы үшін соңына дейін баратынын айтады.
Тәуекел Мүслім, актер:
– Кінәлі жақ жаңағы. Қарама қарсы бағытқа шығып, осы жол апатын жасады. Және рөлде отырған жүргізуші өзі кезіндегі құқық қорғау қызметкері екен. Бывший сотрудник па, әлде әлі күнге дейін действующий сотрудник па енді ол жағын нақты білмедім. Дегенмен сондай хабар бар. Және мас күйінде отырған екен. Сол себептен мен ойлаймын, оның бұрынғы қызметі ешқандай әсер етпейді. Бәрі таза, ашық, кінәлі адам өзінің кінәсін көтереді, мойындайды деп ойлаймын.
Біз Мұрат Шондыбаев қызмет еткен Іле аудандық полиция департаментіне істің мән-жайын білу үшін хабарласқанда, тұтқаны ешкім көтермеді және Серікханов Айбек жатқан аурухана дәрігерлері де сұқбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми ақпараты бойынша, 15-ші желтоқсан күні түнгі 1.30-да Түркісіб ауданында орын алған жол апаты бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.