Күні кеше атыраулық Альфия Ерсайын «Дүниежүзі аруына» аттанған еді. Алайда өкінішке қарай, отандасымыздың асығы алшысынан түспеді. Халықаралық конкурста алтын тәж Оңтүстік Африка Республикасының өкілі 26-жастағы Зозибини Тунзиге бұйырды.
Ал Альфиняның күйін кешпес үшін, «Әлем аруы» байқауына аттанған Мадина Батық отандастарымыздан қолдау сұрайды. Халықаралық сұлулық сайысында бағын сынап жатқан сылқым, НТК арнасының көрермендеріне арнап, Ұлыбританиядан видеожазба жолдады.
Мадина Батық, «Қазақстан аруы – 2019»:
– НТК арнасының барлық көрермендеріне сәлем! Мен Лондонда өтіп жатқан «Әлем аруындамыз». Біздің әр күніміз белгіленген бағдарламаға қанық. Лондон өте әдемі қала, әрі осында келу менің арманым болатын.
Алайда, бикештің асқақ арманы бұл ғана емес. Ол «Әлем аруы» атанып, байқау арқылы Қазақстанды өзге елдерге танытқысы келеді. Сондықтан да Мадина «missworld.com» сайтында өзіне дауыс беру немесе Missworld Kazakhstan байқауының Фэйсбук парақшасында лайк қою арқылы қолдау көрсетуді сұрайды.
Мадина Батық, «Қазақстан аруы – 2019»:
- Мен үшін дауыс беруді ұмытпаңыздар. Қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға рахмет!
Мадина Батық командасының айтуынша, қуанышқа қарай «Әлем аруы» ұйымдастырушлары жерлесімізге оң көзбен қарап жатқан көрінеді. Еске салсақ, атулы конкурс «Әлем аруы» байқауы 14-желтоқсан Ұлыбританияның Лондон қаласында өтпек.