Отандық киномандар таласа тамашалаған картиналар тізімі анықталды!
«Тicketon.kz» сайтының мәліметінше, өткен уик-эндте топ жарғандар көшін «Мұзды өлке» мультфильмінің екінші бөлімі бастайды.
Кішкентай көрерменімен қайта қауышқан анимациялық туынды айналымдағы алғашқы аптада 516 млн теңгеден аса пайда көрген. Еске салсақ, лентаның бірінші бөлімі 2013 жылы жарық көріп, «Оскардың» 2 бірдей жүлдесіне ие болған еді.
Су жаңа «Мұзды өлке 2» әпкелі-сіңілі Анна мен Эльзаның кезекті шытырман оқиғасын баяндайды. Қыздар бұл жолы «Эренделл» патшалығынан жырақтап, шыққан тектерін білу үшін түрлі тосқауылды бастан өткереді.
«Агент 007» образы арқылы танылған Дэниэл Крэйг болса, кезекті картинасымен екінші сатыға жайғасты. Актердің бой көрсетуімен жарық көрген «Knives Out» лентасы 140 млн теңге кассалық табыс жинады.
Детективті комедия, бір-бірімен араздасып жүрген туысқандардың оқиғасына негізделген. Картинада олар әйгілі жазушы Харлан Тромбидің үйіне жиналып, татуласпақ болады. Алайда, бұл кеште қаламгердің денесі өлі күйінде табылады. Оқиғадан соң, үлкен әулеттің әр мүшесі күдіктілер қатарына ілігеді.
«Красавчики до нашей эры» үздік үштікте! Отандық комедия бұл аптада
қоржынын 110 млн-нан аса қаражатқа толтырды. Жеңіл әзілге құралған туындыда еңбек етуден қашқақтаған ежелгі тайпаның қызықты хикаясы суреттеледі.
ТОП үштікке іліккен комедия көрермен көңілінен шыққаны анық.