«Мұзды өлке» лентасы жарық көрген соң, 1,3 млрд. доллар табыспен әлемдегі ең кассалық мультфильм болды. Одан бөлек, картина Оскар марапатының «Ең үздік анимациялық фильм» және «Ең үздік ән» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Енді міне, туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрерменге жол тартпақ.
Әлемге әйгілі анимацияның қазақша дубляждалуына орай, елімізде де «Мұзды өлке» лентасының тұсаукесері өтті. Кинокешке, Динара Сұлтан балаларын ерте келсе, Данияр Өтеген шара қонақтарына әсем әнін сыйлады.
Данияр Өтеген, «Rin`Go» тобының әншісі:
- «Мұзды өлке 2» жобасында екі саудтрек орындаған болатынмын. Біріншісін жаңа ғана тамашалған болатынсыздар, екінші Индира Еділбаевамен дуэт.
Еске салсақ, Данияр бұған дейін «Ойыншықтар хикаясы» лентасында да саудтрек орындаған еді. Диснейдің сүйікті әншісі атанған оны, тіпті кей әріптестерінің қазақшаға аударылған туындылар бар екенін білмейтіндігі қынжылтады екен.
Данияр Өтеген, «Rin`Go» тобының әншісі:
- Бұл жерде көп жарнама болуы керек, мысалы көп адамдар осындай қазақша әлемдік киножобалардың бар екендігін де білмейді. Сондықтан, бұл жерде маркетинг, жарнама.
Ал, «Асыл» тобының әншісі Ақерке Бүркітбай, мамандардың «сүйікті кейіпкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуі балалардың ана тілін жатық білуіне ықпал етеді» - деген пікірімен толықтай келіседі.
Ақерке Бүркітбай, «Assyl» тобының әншісі:
- Жаңа өзіміз байқағандай, бүкіл залдағы балалар қазақ тіліндегі мультикті көріп отырып, белсенді болып отырды. Ешқандай баланы жаңағы телефонға қарап, ұйқысы келіп, еркелеп отырғанын көрмедім. Мультиктерге, киноларға шақыртып, олардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға болады.
Қазақ тіліне аударылған «Мұзды өлке 2» картинасы 28-қарашадан бастап, үлкен экрандардан көрсетілмек!