Азиялық «Оскарды» иеленген Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» картинасының тұсауы кесілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Авторлық кинотуындыларымен танылған Әділхан Ержанов су жаңа «Қап-қара адам» фильмінің тұсауын кесті. Режиссер бұл картинасын алғаш 67-ші «San Sebastian International Film Festival»-де көрсеткен еді.

Әділхан аталмыш кинобәйгеден құр қол қайтпады. Талантымен шетелдік киносарапшыларды таңдай қақтырған режиссер «Asia Pacific Screen awards» сыйлығын «Үздік режиссер» аталымы бойынша жеңіп алды!

Әділхан Ержанов, режиссер:

- Егер өзіңе сенімді болсаң үмітің де әрқашан ақталады. Ол жерде әйгілі режиссерлар болды. Әрине маған үлгі тұтатын киномайталмандармен бірге бақ сынау қорқыныш тудырды. Сондықтан болар жүлде аламын деп ойламадым.

Азиялық «Оскар» аталатын жүлдеге ие болған киногердің «Қап-қара адам» лентасы нуар жанрында таспаланған. Драмада режиссер әдеттегідей қоғамдағы өзекті мәселені сөз етеді.

Әділхан Ержанов, режиссер:

- Фильмде өзге мәдениет суреттелетініне қарамастан көрермен жақсы қабылдады. Бастысы берер ойымды түсінді және жоғары баға берді.

Ержановатың детективке толы лентасында Динара Бақтыбаева басты рөлде. Актриса бұған дейін режиссердың «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» туындысында да бой көрсеткен еді.

Динара Бақтыбаева, актриса:

-Арнайы жабық кастинг өтті. Бұл Әділханмен алғаш жұмыс істеуім емес. Сондықтан мені тағы да сынап көру үшін арнайы шақырды. Бұл жобаға қатысуым, үлкен тәжірбие сыйлады. Әділхан керемет режиссер ғана емес, адам ретінде өте сыйлы жан.

Фильмнің сюжет желісінде, Бекзат есімді тергеуші, бала өліміне қатысты күдіктілердің көзін жоюға тырысады. Сері мұндай әдіспен істі сотқа жеткізбей жауып тастамақ. Алайда, бұл қылмыстық оқиғаға қаладан келген журналист араласады.

Данияр Алшынов, актер:

-Бұл фильмді авторлық туындыға толықтай жатқызуға болмайды. Себебі, лентаның сюжеті бар, көрерменге берер ойы бар. Детективті драма киномандардың қызығушылығын оятатыны анық.

Еске салсақ, Әділхан Ержановтың шығармашылығындағы осымен жетінші туындысы саналатын «Қап-қара адам» картинасын Ақан Сатаевтың өзі қолдаған еді.