«Томирис» фильмінде актриса Альмира Тұрсын таққан алқа енді бәссаудаға қойылмақ. Ақан Сатаевтың тарихи туындысындағы Тұмар патшайымның әшекей бұйымы арнайы лента үшін дайындалған реквизит еді. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында ауқионға салынған алқаның бастапқы бағасы 500 доллар.
«Айка» фильмі Қытайда өткен «Golden rooster and hundred flowers» кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болды. Драмада басты рөлді сомдаған Самал Еслямова көрерменнің таңдауы бойынша «үздік актриса» атанса, Сергей Дворцевой «үздік шетелдік режиссер» жүлдесін иеленді. Аталмыш кинобәйге Сямынь қаласында осымен 28-ші мәрте өткізіліп келеді.
«Әлем аруы» атанудан үмітті Мадина Батық мақсатына тағы бір қадам жақындай түсті! Павлодарлық сылқым, ең алғашқы «топ-модель» аталымы бойынша сайысқа түсіп, үздік ондыққа кірді. Бұл «Әлем аруы» байқауының алғашқы сайысы болып саналады. Еске салсақ Мадина, жаһандық бәйгеде 14-ші желтоқсан күні Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Мадина Батық, «Мисс Қазақстан 2019»:
-Байқау бірнеше кезеңдерден тұрады. Оның ішінде қайырымдылық, спорттық, әлеуметтік шаралар. Халықтың қолдауының арқасында жеңіске жетемін деп үміттенемін!