Қазіргі таңда, қазақша дыбысталып жатқан картиналардың қатары көбейгендігі көз қуантады. Тіпті, отандық өнер өкілдері де мейлінше ана тілімізге аударылған туындыларды тамашалауға асық екенін айтуда. Мәселен, соның бірі – Данияр Өтеген.
Данияр Өтеген, әнші:
– Қазақ тілінде дыбысталған фильмдерді, мультфильмдерді қаншалықты жиі көресің?
- Негізі барлық шығып жатқан фильмдерді, анимацияларды көруге тырысамын. Тырысамын демей, бәрін көремін деп айтуға да болады.
- Бірақ сен барған кезде адамдар қаншалықты көп жиналады?
- Негізі көп екен. Ол фильмге байланысты кейді. Кейде фильм адамға қызықсыз болатын шығар. Сондықтан қатты жиналмайтын шығар. Кейде, мысалы, болатын уақыты ыңғайсыз болатын шығар.
- Неге осы қазақ тілді фильмдерді, қазақ тілінде дыбысталған фильмдерді ыңғайсыз уақытқа қойып қояды?
- Себебі, әлі де сұраныс онша көп емес. Себебі, қазір қазақша фильм, мультфильмдер өте үлкен табыс әкелетін болса, оны таңнан кешке дейін, пытырлатып әр сағат сайын қоятын еді.
- Дұрыс айтасың, қызығушылықты арттыру үшін, сұранысты көбейту үшін не істеу керек?
- Сапалы дубляж бар, соны жеткізу керек адамдарға. Себебі, адамдар білмей жатады кейде, осындай дубляждалған фильмдердің бар екенін.
Анара Батырхан, актриса:
- Көбінесе жабық көрсетілімдерде, мен қазақша фильмдерді көруге тырысамын.
- Өмірде ше?
- Өмірде екі тілге де бара беремін. Өтірік айтпай ақ қояйын. Тек қана қазақ тіліндегі фильмге барамын деп.
– Жақсы, халықтың қызығушылығын ояту үшін, қазақ фильмінде дыбысталған мультфильмдер, фильмдерге тарту үшін сенің ойыңша не істеу керек, не жетпейді?
- Мен сияқты өнер адамдары өздерінің инстаграмына салып, барша қазақ халқын осындай фильмдерді көруге баулу керек.
Анара Батырханның мұндай бастама көтеруінің жөні бар. Себебі, қазақша дубляждалған картиналарға көрерменнің аз баратыны жасырын емес. «Бұл олқылықтың орнын толтыруды «жарнамадан» емес, өзімізден бастаған жөн» - дейді Динара Сұлтан.
Динара Сұлтан, әнші:
- Орыс тіліндегі уақытқа келетін шығар. Көп адам соған келеді деп ойлаймын. Өйткені біз, сонау 90-шы жылдардан бері қалыптастып кеткенбіз ғой, орысша ойланып, сондықтан бізге қазақ тілде жаңағы фильмдер жаңалық сияқты көрінеді.
- Адамдар әлі үйренбеген.
- Адамдар әлі үйренбеген. Иә.
- Үйрету үшін не істеу керек, жарнамадан бөлек?
- Енді білмеймін, ол адамның санасында болу керек ең бірінші. Мысалы, мен өзім қазақпын деп айтқанда мақтанам. Өйткені, балаларымды да қазақша мектепке бердім, шетелде жүрсем де балалармен тек қазақша тілдесуді жөн көрдім. Сондықтан, қазақ тілінде фильмдер шыққанда, қалмауға тырысамын.
Одан бөлек, ана тілімізге аударылған ленталардың қолайсыз уақытқа қойылатыны тағы бар. Алайда, дубляждың дүлдүлі Асан Мажит сұраныс болса, қазақша картиналар кешкі уақытта да көрсетілер, мұның барлығы уақыт еншісінде деп санайды ол.
Асан Мәжит, актер:
– Ол уақытымен келетін нәрсе. Меніңше кез-келген, Дисней болсын, голивудтық фильмдердің барлығы қазақшаға аударылса, онда біздің де кәсіби тұрғыда өсетінімзге ықпал етеді, және де көрермен де сол нәрсеге бейімделе бастайды.