2018 жылдың шілдесі. Ернар Садырбаев «Славян базарында» көк туымызды желбіретіп, жұрттың ықыласына бөленген еді. Бұл 2015 жылы Димаш Құдайбергеннің бас жүлдесінен кейінгі ірі жеңіс. Сол 1-ші орын – Әміреге отандық эстраданың есігін айқара ашып берді. Тіпті кезінде «Кімсің?» деп мұрын шүйіргендермен, бүгінде бір дастархан басында шүйіркелесіп отыра аламын дейді ол.
Әміре, әнші:
– Сондай бір кезеңдер болды. Мен енді өзім Әміре ретінде бастап келе жатқанда: «Сен кімсің?», «Мына баланың аты кім?» деген сияқты.
«Сүрбойдақ» екенін мойындаса да, шығармашылығын шаңырақтан биік қойып отырған Әміре, енді әлемдік аренаны бағындыруға ниетті. Оған қабілетім де, қауқарым да жетеді дейді ол.
Әміре, әнші:
– Мен негізі өзімді сүрбойдақпын деп есептеймін. Осы бір – екі жыл жұмыс істеу керек. Осы шығармашылық жағынан, тәжірибе жағынан... Басқа шет елдік жобаларға қатысып көруім де мүмкін.
«Қыз-қырқынның қиялына айналып, түсіне кірмесем де, кісі сүйсінер келбетім бар» деп қалжыңдаған Әміре, өзін көптен бері мазалап жүрген комплексі жайлы да айтып қалды.
Әміре, әнші:
– Кейде комплекстер болады: «Мен неге өз жасымнан үлкен көрінемін» деген. Менің негізі жасым 24-те. Бірақ 28,27-дегі жігітке ұқсатады. Кейбіреулері жасың 30-да дейді. Біз өнер жолында жүргеннен кейін өз-өзімізге қарап қалғанбыз. Оны дұрыс жағынан түсіну керек.
«Өздеріңді күтіп, әспеттеп қалғансыңдар деп, бізді түсінбей қалып жататындар қаншама», дейді әнші. Осы түсініспеушіліктің арты жұдырық сермесуге дейін апарған кездер де болыпты. Кезекті концерттен шыққан Әмірені бір топ жігіт соққының астына алған. Сол күннің тыртығы әлі күнге дейін сақталыпты.
– Менің мұрным екі рет сынған. Мұрным қисық. Басым жарылған.
Бірақ сері бұл оқиғадан кейін құзырлы органдарға арызданбаған. Айтуынша, ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді.
Әміре, әнші:
– Мен ержігітпін ғой. Болды! Онда тұрған ештеңе жоқ.
«Бас жарылса, бөрік ішінде» қағидасын ұстанатын Әміре, оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екенін айтады. Керісінше, бұндай жағдайлар оған жігер береді екен.