Киномандар өткен уик-эндтің үздік фильмдер үштігін анықтады! ТМД елдері бойынша кассалық табысымен топ жарған – «Малефинсента: Түнек әміршісі» картинасы.
Көрермендерімен қайта қауышқан фэнтези айналымдағы екінші аптада 2 млрд. теңгеден аса кіріс көрген. Анджелина Джоли басты ролді сомдайтын картина алғаш 2014 жылы «Disney» студиясының таспалануымен жарық көрген еді.
Туындының жаңа бөлімі Аврора ханшайымның қалыңдық атануынан бастау алады. Оған қоса, Малефисента өз жақындарын кездестірмек.
«Zombieland:Double Tap» лентасы 819 млн.теңге пайдаға кенеліп, екінші сатыға жайғасты. Кезекті хикаясы жарық көрген комедияда Вуди Харрельсон мен Эмма Стоун басты кейіпкерлер.
Қызыққа толы лентада, зомбиларға қарсы төрттіктің оқиғасы суреттелген. Олардың басты мақсаты – тірі өліктерден аман қалу.
«Джокер»-дің авторлары 579 млн. қаражатқа кенелді. Үш апта бойы үздіктер қатарынан түспеген триллер, кино тарихындағы табысты картиналар тізіміне енді.
Психологиялық триллерде Артур Флек зұлым кейіпкерге айналып, «Джокер» атанады. «DС Comic» жұлдызын сомдаған Хоакин Феникстің образы көптің көңілінен шыққаны анық.