«Той Құдайдың қазынасы!» Бұл кезекті қуанышын атап өтуге ниеттеніп отырған кез-келген әулиеттің аузындағы сөз. Ал «қазақтың тойы бітпесін» деген тілеуді қазақ шоу бизнесінің майталмандары айтатын сынды. Себебі, дені нәпақасын дәл осы саладан табатынын мойындайды.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» квартетінің мүшесі:
- Біздің әншілер мойындау керек. Мойындаса да мойындайды, мойындамаса да мойындайды, тойдан ақша табады! Сол үшін осы табыс көзі болғаннан кейін, яғни бизнес болғаннан кейін жақсылап қарайыншы деген ниет қой менікі.
Ел танығалы «Жігіттер» квартеті барлық тойлардың төрінде. Топ мүшесі Айдар Тұрғанбек 15 жылда сахна мен тойларда қатар өнер көрсетіп жүргендерін алға тартады. Өйткені, жеке концерт беру үшін қаражат қажет, шығыны шаш етектен дейді.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» квартетінің мүшесі:
- Сөздің ашығы, күлкілі де шығар. Біздің Қазақстанда шоу бизнес жоқ қой. Сөздің ашығы Қазақстанды бүкіл аралап концертпен сіз нәпақаңызды таба алмайсыз. Мына Республика сарайында концерт беру үшін 5.5 миллион арендасын ғана төлейсіз. Сіздің рекламаңыз бар, сахна істеуіңіз бар.
Әнші Сара Амангелді Айдар мырзаның «шоу бизнес жоқ» деген пікірін қолдап отыр. Тек, оны әріптестерінің осалдығымен байланыстырады.
Сара Амангелді, әнші:
- Бізде Қазақстанда шоу бизнес дамымаған. Өйткені, шетелдіктердің, басқа жердің әртістеріне қарасаң, кәдімгідей арттарынан 5-6 жүгіріп жүреді. Неше түрлі машиналар жүреді. Стилист бөлек, көмекші бөлек, бізде ондай жоқ. Өздеріңізде көретін шығарсыздар, міне қазір өзім тұрмын жалғыз, ешкім қарап жатқан жоқ.
Ал, Әли Оқапов ыңғайын тапса, екі кеменің басын ұстауға болады деп отыр. Яғни, халық әртісінің тұңғышы шоу бизнес пен той бизнесті қатар алып жүруде екен.
Әли Оқапов, әнші:
- Мен жалпы өзім, өз басым сахнаны бөлмеймін. Шоу бизнес пе, той бизнес пе. Өйткені мен өзім концерттерде, тойдарда, open air-ларда, кез-келген сахнада өнер көрсете беремін. Мен таңдамаймын, менің алдымда 5 мың адам болсын, 50 мың адам болсын, 50 адам болсын дегендей.
Қаражат табу - басты міндет емес дейтін өнерпаздар барын да айтады сері.
Әли Оқапов, әнші:
- Бізде көптеген жұлдыздар бар, мысалыға. Тойсыз- ақ та өзінің тыңдарманымен, өздері кездесіп, өз жеке концерттерінде, өз нанын таба алатындай. Сондықтан мен ол жағынан келіспеймін. Бәлкім, қаржы табу жағынан той дамыса, барлығы да қаржы табу үшін сахнада жүрген жоқ. Кейбреулер шынымен де өнер үшін жүр. Сондықтан олай айтуға болмайтын сияқты, менің ойымша.