Екі аптадан бері денсаулығы сыр беріп, жанкүйерлерін алаңдатып қойған Назима күні кеше туған күнін атап өтті. «Black Star» құрамына кіргелі бері сылқым жеке меншік мейрамын ет жақындарымен туған жері Шымкентте алғаш рет тойлатып отыр.
Айтулы күнінде ата-анасына ерекше алғыс білдіргісі келген Назима су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады. Әншінің өзі бұл балалық арманы екенін айтады.
Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің құнымен тең түсетін көлікті арнайы безендіріп ата-анасының алдына өзі айдап келді. Кілтін әкесіне, гүлін анасына ұсынғаны көпшілікті тәнті етті. Ал, Назиманың өзі көңілі босап көзіне жас алды.
Ата-анасына ерекше құрмет білдіріп, бағалы сыйлықтардың астында қалдыратындар қатарында әнші Қайрат Нұртас та бар.
Қайрат Нұртас, әнші:
- Анамызға шынымды айтсам, не сыйларымды да білмедім. Үй де сыйладым, машина да сыйладым анама. Тек қана сыйламағаным: бір арқалап Меккеге апарғым келеді. Бірақ арқалап емес қой енді, өзіммен бірге Меккеге барып. Сол менің басты арманым, мақсатым, сыйлығым сол болса екен деп тілеймін!
Қайраттың бұл тілегі биыл орындалған-ды. Ата-анасына тосын сый жасап ақпан айында жары Жұлдызбен бірге қажылыққа апарып қайтты.
Туған күнінде күтпеген тосын сыйға кенелген жандардың бірі - Бекжігіт Сейітов, әнші Бүркіттің әкесі. Сексеннің сеңгіріне жеткен шағында қария әркімнің қалтасы көтере бермейтін қымбат темір тұлпарды тізгіндеді.
Бүркіт мырзаның өзі сүйіншілетіп, бұл хабарды жеке парақшасында бөліскен еді. Айта кетейік, сыйлыққа берілген Тойота Ланд Крузердің құны кемінде 23 млн. теңгені құрайды.