Аша Матайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан түннің жарымында тамақ жасап жатқанын жиі көзіміз шалады. Күндіз түрлі түсірілімдерден қолы босамайтын жас келін, келесі күннің ас мәзірін ұйықтамай әзірлеп қоюға мәжбүр. Қайын атасы мен енесін, жұлдызды жолдасын аш қалдырмаудың жолын осылай тапқан. Ал, үйіндегі өзге ұсақ-түйек шаруасын жасауда екінші анасы қолғабыс.
Аша Матай, әнші, тележүргізуші:
- Қиындық тудырады, тудырмайды деп мен нақты айта алмаймын. Әр отбасында әр қалай ғой. Дегенменен, менің енем, алтын кісі ғой.
Элизат Берікова ақ келін атанғалы, фильмдерде жиі бой көрсететін болған. Еске салсақ, сылқым тұңғышын босана сала, тіпті шақалағын қырқынан шығармай-ақ «Зеркала» фильміне түсуге кірісіп кетті. Дәл осы сәтте аруға енесінің жәрдемі зор болды. Элизаттың сахналары таспаланып жатқанда, немересін бағып, түсірілім алаңында жүретін-ді.
Элизат Берікова, әнші, актриса:
-Шынымды айтсам қарсылық болған жоқ. Өйткені, ол кісілер, ондай емес. Ол кісілер біледі, менің баяғы бұрындары жұмыс істегенімізді біледі. Осы халықтың алдында жүргенімді біледі. Ол кісілердің ешқандай қарсылық мен естіген жоқпын.
Жеңіс Ысқақова ене мектебінен өтпеген жан! Есесіне, өзі ене атанғанда келінін қатырақ қыспаққа алып, тәрбиелегінін жасырмайды. Бүгінгі жастарға төзімділік жетпейді деп қынжылады әнші. «Үйлену оңай, үй болудың қиынын» түсінген шақта ғана жас жұбайлар шаңырақ көтерсе деп кеңес береді.
Жеңіс Ысқақова, әнші:
- Мен енеммен тұра алмадым. Өйткені ол кісі, ауылда тұрды, біз Алматыда тұрдық. Менің түсінбейтінім көп қыздар анасынан естіген сын мен бір қатты айтылып қалған сынды, кішкене ренжиді да қойшы мама деп кетіп қалады да ұмытып кетеді. Ал енесінен естіген сынды, жүрегіне сақтап қалады, өш қылып алады. Сол жаман да.
Дариға Бадықова енемен тұру бақытынан қағылғанмын дейді. Дегенмен, өзінің жалғыз қызына келін болудың қыр-сырын қазірден бастап үйретіп жүр.
Дариға Бадықова, актриса:
- Енем енді менің о дүниелік болып кеткен екен, мен келін болып түскенде, енем жоқ сол себептен. Өзімнің анамды көріп, менің анамның келіні бар ғой. Менің анам ене болып отыр. Сол тұрғыдан қараймын да. Мен дегенмен тепе-теңдікті сеземін. Қойып көремін ғой өйткені. Мен өйткені қыз баламын ғой.
Дариғаның айтуынша, енемен тұру мүмкіндігі туса, жіберіп алмау керек.