«Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғамбек бір жылдан бері осылайша қыз ұзату тойларының «сәні» болып жүр. Салтанатты шараның басында қалыңдықты ортаға алып шығып, соңында «Қарындасқа тілек» «Қарындасым, қарлығашым» атты қос туындысымен қызды ұясынан ұшырып, жат жұртқа табыстап береді.
Айдар Тұрғамбек, «Жігіттер» квартетінің әншісі
- Инстаграм арқылы звондайды, «аға мені шығарып салсаңыз өзіңіз» деп. Содан кейін қуана-қуана барам. Әнімді ұнатып жатса, неге бармасқа? Екі жеңгесі ертіп жүрген, бірақ ағасы өсиетін айтып шығарып салады. Бұл дәстүрде ешқандай өрескелдігі жоқ, бізде оңтүстікте солай. Нағыз салт осылай деп ойлаймын.
О, бастан фолловерлердің сыны, өзінің қымсынуы кедергі болғанын әнші еш жасырмайды. Ал, қазір сұраныс артып, табысының ұлғаюы керісінше жұмысына шабыт береді.
Айдар Тұрғамбек, «Жігіттер» квартетінің әншісі:
- Көп ұсыныстар осы ұзатудан түсіп жатыр. Енді қыздар өздері шақырып тұрса, қарындастарым шақырып тұрса бармаймын деп отырмайсың ғой.
«Ер азаматтың қыз ұзатуы ерсі» дегендерге әншінің уәжі дайын.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» квартетінің мүшесі
- «Меломен» тобы осылай шығарып салып жүр. Өткенде Жігер Ауыпбаев жалғыз өзі сондай ән жазамын деп қалды. Асан Пердешов естіп қалғаным.
Біраз уақыттан бері айтылып келе жатқан кереғар пікірлерге Айдардың еті әбден үйреніп кеткен. Тіпті, топта өнер көрсеткеннен гөрі, бір қызды ұзатқан табыстырақ дейді.
Айдар Тұрғамбек, «Жігіттер» квартетінің әншісі:
- Ақыры осы тоймен нәпақа тауып жүргеннен кейін неге соны барлық бағытта айтпасқа деген ниетпен осы сүндет той, тұсау кесер, ұзату, үйлену той, одан кейін ата-ананың 60 жас, 70 жас дегендердің барлығына ән жаздым.
Айта кету керек, «Жігіттер» тобының де негізгі табыс көзі - той. Сондықтан, Айдар квартеттің жұмыс кестесімен санасады. Сөйткен күннің өзінде де әнші қазіргі таңда 30-ға жуық қызды ұзатып үлгерген.