Түрлі жұлдызды кештердің көркін қыздырып, күллі елдің назарында жүретін Ким Кардашьян – 39-да! Сенсация жасағанды жаны сүйетін АҚШ-тық миллионер бикеш бұл жолғы туған күнін тыныш, жұрт көзінен тасада өткізуді жөн санаса керек, жылдағыдай дүркіретіп той жасамады. Тек өзіне жақын жандармен, шағын ортада атап өткенін келесі суреттерден байқауға болады.
Жалпақ мұрын... Қысық қабақ... Бауырсақ бет... Сызық ерін... Дәл солай! Бұл бұрынғы Кимнің кескін-келбеті. Тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Иә, Кардашьян әулетінің бетке ұстары отаға дейін өзінің сұлулығымен аса жарқырай қоймағаны рас. Тіпті, Батыстық басылым оны «Күлбикеден, ханшайымға айналды» деп те жарыса жазып жатады.
Әлемдегі ең бай арулардың тізімін бастап тұрған оның, бүгінде жылына 100 миллион долларға жуық табыс әкеліп тұрған косметикалар желісі бар. Одан бөлек хош иісті әтір де өндіреді. Киімді де нарыққа шығарады. Ешбір кәсібі елеусіз қалған емес.
Оны өз ортасында достары «Жолы болғыш Ким» деп атайды екен. Есебі жоқ байлық, жанашыр жар, төрт ырысын түгендеп тұрған 4 баласы және жаһанға жайылған атақ... Өмір емес, ертегі дерсің! Жасырғаны жиі папарацция назарына ілігіп қала беретіндіктен, «Жалқы өмірім, жалпы болып кетті» деген Ким жиі күйзеліске ұшырайтынын жасырмайды. АҚШ-тағы жергілікті телеарнаға берген сұқбатында: «Кейде бір сәтке қарапайым адам болғым келіп кетеді» дегені де бар.