Денис Теннің армандары орындалуда! Күні кеше спортшының құрметіне өткізілген халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыста, әуелі жастар мен ересектер қысқа бағдарламада бақ сынаса, жұптық және мұздағы спорттық бишілер турнирді қорытындылаған.
Құралай Узурова, бас жаттықтырушы:
- Бұл жарыс мәнерлеп сырғанаушылар үшін таптырмас мүмкіндік. Осындай ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізген Оксана Тен ханымға алғыс айтқым келеді. Барлық қатысушыларды құттықтаймын.
18 мемлекеттің спортшылары бәйгеге түскен сайыстың үздіктерін Денистің анасы Оксана Теннің өзі марапаттады.
Жасөспірімдер арасынан үш бірдей орынды ресейлік спортшылар иеленді. Ал, жұптық би жарыста еліміздің намысын қорғаған Темірлан Ержанов пен Максине Везерби қола жүлдеге ие болып, нәтижесінде, Қазақстан атынан төрт құрлықтың чемпионатына жолдама алды. Еске салсақ, Денистің өзі осы сайыста топ жарып, үздік шыққан еді.
Темірлан Ержанов, мәнерлеп сырғанаушы:
- Барынша дайындалдық. Сайыс өз отанымызда өткеннен кейін қолдаушыларымыз шабыттандырды. Сондықтан болар, өзімізді жайлы сезіндік. Бұл жарысқа 2 жылдан аса дайындықпен келдік.
Қос спортшы қазір АҚШ-та жаттығуда. Флорида штатында қоныс аударған жұптың жаттықтырушысы әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы - Евгений Платов.
Евгений Платов, жаттықтырушы:
- Алғашқы медаль, алғашқы жетістік. Темірлан мен Максине жарады. Бұл турнир біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Сол мүмкіндікті жіберіп алмау үшін барымызды салдық.
Денис Тен атындағы турнир – мәнерлеп сырғанаушыларға әлем чемпионатына тікелей жолдама. Енді Темірлан мен Максине 2020-шы жылы Оңтүстік Кореяда, одан кейін Канадада өтетін жарыста Қазақстанның атынан қатыспақ. Отандастарымызға тек сәттілік тілейміз!