Головкиннің келесі қарсыласы болуы ықтимал боксшы польшалық Камил Шеремета. Жеңіліс дәмін татып көрмеген бұл былғары қолғап шебері, Геннадийдің еншісіндегі IBF чемпиондық белбеуіне үміткер атанбақ. GGG командасы да бұл жекпе-жектің өту мүмкіндігін растады. Соған қарағанда қос команда келіссөздерді бастап кеткен секілді.
Шеремета қазіргі таңда Boxrec рейтингінде 12-ші орында тұр. Польшалық кәсіпқой рингте 21 жекпе-жегінің бәрін жеңген. Еншісінде 5 нокауты бар. Головкин үшін бұл кездесу үлкен бір сынақ болатыны анық. Шаршы алаңға 2020 жылы ораламын деген GGG, 38 жасында көп жұдырықтаса алмайды деп санайды бокс мамандары. Геннадий болса «Үлкен Драмаға» толы шоуды әлі де көрсетуге қауқарым жетеді деп отыр.
Головкин соңғы айқасында жеңіске жетіп, екінші мәрте чемпион атанған соң Альвареспен тағы да жұдырықтасуға даяр екендігін жариялады. Бұдан бас тартқан Канело әзірге Сергей Ковалевпен жекпе-жек өткізуге даярлық үстінде. Орта салмақтың қос мықтысы келер жылы күш сынасса, жеңімпазы абсолютты чемпион атанбақ. Әзірге, Головкин Шереметадан басым түсуі тиіс.