Тек жанды дауыста шырқалған әндер, екі сағатқа ұласқан әсерлі кеш! «Үркер» тобы қайталанбас хиттерін орындап, тыңдарманын қуантты.
Тек жанды дауыста ән айтып, сапалы музыканы сүйетін топтың солисті Айдос Сағатов: «кез-келген аудиторияға жаныңды салып, еңбек ету керек», - дейді.
Айдос Сағатов, «Үркер» тобының әншісі
- Тыңдарманның белсенді болғаны шабыттандырады. Көрермен бізбен қосыла ән шырқап, билеп отырса тіпті керемет. Жанды дауыстағы концерт деген осы ғой! Энергетикамен алмасасыз, әртіс үшін маңыздысы сол. Тыңдарман да сүйіп тыңдайтын әнін күтеді.
Ет пісірім уақытқа созылған концертте топ мүшелері барын салды. Айдос Сағатов үзіліссіз 20-ға жуық әнін орындап шықты. Барлығы жанды дауыста, кәсіби аспаптардың сүйемелдеуімен.
Айдос Сағатов, «Үркер» тобының әншісі
- Әлем бойынша бұл қалыпты жағдай. Өкінішке орай, Қазақстанда соңғы 10-15 жылда соны ұмытып барамыз. Тыңдарманды фонограммаға үйретіп жатқан да өзіміз. Құдды бір жиналыс тектес, ұйқылы ояу қол соғады. Бір қонақта отырған сияқты ғой.
Тыңдарманмен шынайы қарым-қатынас орнатып, 25 жылдан бері олардың тек ықыласына бөленіп келе жатқан топты қолдап келген үзеңгілестері көп болды. Солардың бірі, өнердегі достары «JSC» тобы.
«JSC» тобы
- Қазіргі таңда, өкінішке орай, «Үркер» сияқты жанды дауыста ән айтатын топтар жоқтың қасы. Алматының өткен жылдарынан, музыкасынан сыр шертетін ұжым ғой. Біз сол музыканы да, топты да жақсы көреміз! Жігіттер өзінше бір мәдениетті насихаттауда деп ойлаймыз. Кеш үшін рахмет!
Концерттік кештің әсерлі болғаны сонша тыңдарман тоқтамастан қол соғып, бисске ән сұраумен болды. Әртістер әдетіне басып, ешкімнің көңілін қалдырмады. Артынша суретке түсіп, үнтаспаларын да сыйлап жатты.
Айдос Сағатов, «Үркер» тобының әншісі
- Жалпы бізде қатып қалған қағида жоқ. Жылына үш бейнебаян түсіріп, 10 үнтаспа шығару деген сияқты. Әлемдік музыкада ешкім қазір олай жұмыс істемейді, барлығы уақытылы болады.