Лос-Анджелесте «Малефисента: зұлымдық әміршісі» картинасының тұсауы кесілді! Ауқымды премьерада көптің күткені – бас кейіпкер Анджелина Джоли. Шараға жиылған жанкүйерлердің көптігінен, қызыл кілем бойында артық орын қалмады.
Ал, арнаулы жолақта төбе көрсеткен Анджелина Versace-дің көйлегімен жұлдыздай жарқырады. Актриса, кинодағы образын қайталағысы келгендей.
Анжделина Джоли, актриса:
- Мен өз кейіпкерімді жақсы көремін. Оның киген киімі, образы, барлығы көңілімнен шығады. Сондай-ақ, өмірде де маған қара түс ұнайды.
Кейіннен қызыл кілемде Джолидің жанына, оның ұл-қыздары да қосылды. Оскар иегерінің шараға бес баласын ерте келуі, келген қонақтардың жүрегін елжіреткендей.
Жұлдызды жанұяның ізін ала, кеште «Малефисента» сиквелының өзге де басты кейіпкерлері көрінді. Еске салсақ, Мишель Пфайффер мен Эль Фаннингке де лентада рөл бұйырған еді.
Эль Фаннинг, актриса:
- Фильмнің алғашқы бөлімінде мен 14 жаста едім, қазір 21-демін. Содан бері біраз уақыт өтіп кетіпті. Осы жолы мен жаңа тәжірибе жинап, шеберлігімді шыңдай түскендеймін.
Сиквелдың бұл бөлімінде, Малефисента Аврора ханшайымды дуалап тастағаннан кейінгі оқиғалар баяндалады. Пері мен болашақ патшайымның байланысы, сиқырлы орманды сақтау жолында жасалған жанкештіліктер, Малефисентаның жаңа одақтастары – осылардың барлығы фэнтезидің жалғасында көрсетілмек.
Йоаким Рённинг, режиссер:
- Фильмді таспалап болғансоң, бір жылға жуық монтажда, қап-қараңғы бөлмеде отырдым. Енді міне, актерлерімді көріп қуаныштымын. Бар айтарым, картина керемет шықты! Көпке ұнайды деп сенемін.
Отандық көрермен болса, Малефисентаның жаңа бөліміне қазанның 17-нен бастап өз бағасын бере алады!