Туындысының тұсауын кескен Ақан Сатаев, киноның бюджетіне күмән келтіргендерге жауап берді.
Айсара Бисенова @ais.tv:
-Жылдың ең ірі әрі көптен күткен «Томирис» киножобасы халықпен қауышуға әзір! Бұл сәтті күллі көрермен тағатсыздана тосты десек, артық болмас! Тарихи туындыға, Ақан Сатаев 2 жылын арнаса, фильмді дүниеге әкелу үшін 2 миллиард 259 миллион теңге қаражат кеткен еді.
Kinopark16 Forum ұйымдастырған тұсаукесерге «Томирис» картинасының негізгі кейіпкерлері түгелдей қатысты. Кеште Тұмар ханша атанып, талай актрисаға сан соқтырған Альмира Тұрсын сөзсіз басты жұлдыз. Күні кеше қарапайым психолог маманы болған ол, бүгінде танымал медиа тұлға.
Альмира Тұрсын, актриса:
– Альмира өміріңізді Томириске дейін, Томиристен кейін деп бөлуге болады ма?
– Әрине болады.
– Біріншіден ол, қаншама адаммен кездесіп, дос болдым, қаншама нәрсеге үйреніп, фильм қандай үлкен проект, сол үшін өмірім өзгерді.
– Гонорарыңыз көңіліңізден шықты ма?
– Гонорарыма мен ризамын. Құдайға рахмет, Аллаға рахмет.
- Алматының қақ ортасынан 1 бөлмелі пәтерге жете ме?
– Қазір қанша айта алмаймын, пәтерлер әр түрлі болады.
– Екі бөлмеге жетеді дейсіз ғой.
- Қазір енді танымал болдыңыз, көптеген кинопроекттерге ұсыныстар түсіп жатқан шығар?
– Ұсыныстар бар, кейбір кезде қызық, кейбір кезде героинялар аса маған қызық емес. Бірақ мен әлі ештеңе таңдаған жоқпын.
Су жаңа фильмде Томиристің өмірге келгенінен, парсы патшасы Кирді ойсырата жеңген сәтіне дейін баяндалады. Әлем тарихында ерлігімен есте қалған патшайымның жары атану Әділ Ахметовке бұйырған болатын.
Әділ Ахметов, актер:
- Ал образыңызға қалай дайындалдыңыз?
– Енді, әрине қандай да бір образ алғаннан кейін, бәрі нөлден бастайды. Бұл біздің эрамызға дейінгі 5 ғасыр болғандықтан, тарихқа көбірек үңілу керек болды. Томирис жайлы ең негізгі ақпарат Геродоттың кітабында ғой, Геродоттың кітабын оқыдық.
Одан бөлек, актерларға көне түркі және парсы тілдерін үйренуге тура келген.
Еркебұлан Дайыров, актер:
-Еркебұлан, «Томирис» картинасына актерларды іріктеген кезде талаптар қатал болды дейді. Сіз кастингты қалай өттіңіз?
- Бірінші кастингте бірінші фотопробасы болады, видео пробасы болады, одан кейін актерларды рөлдерге бекіткеннен кейін екі ай кәдімгі үлкен дайындық болды. Жайдарбек Күнғожинов ағамыздың каскадерлар базасында атқа міну, садақ тарту, қылыштасу деген сияқты, сондай үлкен дайындықтан бүкіл актерлар өтті.
Сондай-ақ, түсірілім барысында тарихшылар тобы кино алаңнан бір сәт те алыстамаған еді. Олардың барлығы Ақан Сатаевтың басты кеңесшілері.
Ақан Сатаев, режиссер:
-Сіз бұл жобаға 2 жылыңызды арнадыңыз.
– 2 жарым жыл.
– 2 жарым жыл, иә. Фильмді таспалау барысында ең қиын болғаны не?
- Киноны әзірлеу өте қиын жұмыстардың бірі. Онда фильмді түсіру алдындағы дайындықтан бастап, халыққа ұсыну сәтіне дейін маңызды. Бірақ мен үшін ең қиыны – лентаны таспалау кезеңі дер едім. Себебі, бір қате жіберсең, жұмысың құрдымға кетеді.
– Томиристың тұсауы кесілгелі лента қазнетте қызу талқылауға түсуде. Көбісін мазалаған мәселе, кеткен қаражат. Яғни, 2 млдрд. 259млн. теңге. Сынап, мін тағып жатқандарға не дейсіз?
- Бюджетке қатысты қаражаттың дәл нақты соммасы туралы білмеймін. Себебі, бұл мәселенің барлығы» Қазақфильмге» тиесілі. Бірақ, 3 миллиардқа жуық шамасында. Ал, «Томиристі» тамашалаған көрермен, керісінше бұл ақшаға осындай дәрежеде кино түсіру мүмкін емес деп отыр.
Сатаевтың бұлай деуіне толықтай негіз бар. Мәселен, «Томириске» 3 миллиардқа жуық теңге жұмсалса, «Тақтар ойыны» телехикаясының бір сериясы 5 миллиард теңге, ал «Сақиналар әміршісі» фильмі 108 миллиард теңгеге таспаланған еді. Төл туынды да, сол ленталардың жетістігін қайталайды деп үміттенеміз.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Халықаралық прокат арқылы сіздер кеткен шығынның бәрін ақтаймыз дедіңіздер. Нақты қай елдерде көрсетесіздер?
- Ол жоспарда. Әзірге тек Қазақстан бойынша прокат қарастырылған. Бірақ, киноның көрсетілу шекарасы кеңейеді деп үміттенемін. Себебі, лента өзге елге шығаруға тұрарлық.
Ал, қазақстандық көрермен болса, Тұмар патшаның ерлігін үлкен экранадрдан тамашалай алады.