Элизат Берікова бастаған экс-кешьюлік арулар, топтан кетсе де, шығармашылығын құлдыратпақ емес! Мәселен, ұжымнан ең алғаш түлеп ұшқан Сара Амангелдінің есімі бүгінде жеке әнші ретінде көпке танымал.
Одан бөлек, сылқым соңғы кезде өзін «актриса» ретінде де байқап көруде. Жуырда Сара басты рөлді сомдайтын кезекті картинаның тұсауы кесілмек. Өнердің бұл жолында, оған анасы көмектесіп жатқаны да жасырын емес.
Сара Амангелді, актриса:
- Мен бұл рөлді алып шықпасам, халық сенбейтін сияқты. Сондықтан да, бұл жақта та ответственность болып тұр, мен енді ойлаймын, мүмкіндігінше жүрекпен алып шығуға тырысамын. Өйткені, бұл сценарийді анам маған арнап жазған, «Келінжанда» да солай.
Бөлек кеткендердің тағы бірі - Балжан Бидаш. Әнші топтас құрбыларынан қалыспай, осы жылы тұңғыш бейнебаянының тұсауын кескен еді.
Балжан Бидаш, әнші:
- Менде қазір продюсер жоқ. Мен өзім жеке жұмыс істеудемін. Топта жұмыс істеген ол бір бөлек әрине, ол жерде бәрін дайындап береді. Сен барасың, киіміңді киесің, боянасың, шығасың деген сияқты. Ал бұл жерде мен жеке болғандықтан, әр майда нәрсеге өзім жүгірудемін.
Одан бөлек, сылқым киім сататын дүкен ашып, кәсібін дөңгелетіп, бизнес-вумен атанып жүргені жайы бар.
Экс-кешьюлік арулардың ішінен, әзірге белсенділік танытпай жатқан тек Назым ғана. Десе де, бұл үнсіздікті дауыл алдындағы тыныштық деп қабылдағанымыз жөн болар. Өнерпаздың анасы, өз кезегінде қызының өнерден алыстамайтынын айтқан еді.
Ғалия Байбосынова, Н. Әбілдинаның анасы, продюсер:
- Мен продюсерден бұрын, анасы ретінде айтатын болсам, әу бастан бала өнер жолында. Бұл «Кешью» тобындағы жұмысы Назымның қадамдарының біреуі болды. Ол жақтағы жұмысы бітіп, енді жеке өзінің шығармашылығын жалғастырмақпыз.
Бүгінде Назым тырнақалды бейнебаянын таспалауға дайындалуда. Одан бөлек, сылқымды киноәлемінен де көріп қалсаңыз, еш таңқалмаңыз.
Назым Әбілдина, «KeshYou» тобының экс-әншісі:
- Бүгін ғана маған хабарласты. Бір рөлге. Соны ойластырудамыз. Енді көре жатармыз. Иә, кинода!