Назима жеке орындауындағы тұңғыш бейнебаянын жарыққа шығарды! Өнер иесі, бұған дейін әрбір әнінің өз өмірінен сыр шертетінін айтқан еді. Су жаңа трек мұңлы махаббатты, сатқындықты баяндайды.
Назимаға бұл туындыны таспалау оңай болмаған көрінеді. Себебі, суық күнде, мұздыаяқтап су ішінде сағаттап тұруға тура келген. Шығармашылығындағы дәл осы іспеттес ірілі-ұсақты қиындықтарды жеңуіне, ұжымы жәрдемші.
Назима, әнші:
-Бүкіл «Black Star» командасы барынша көмектерін аямайды. Бірнәрсе қолыңнан келмей қалса, саған сеніп, үміт білдіреді. Нәтижесінде, сол дүниені қалай істеп кеткеніңді білмей қаласың.
Бейнебаян қазірдің өзінде 250 мыңнан астам қаралым жинап үлгерді. Ал, тың туынды ұсынған Назиманың өзі болса, бұл күндері «Black Star»-мен бірге Ресей қалаларын аралап, концерттер өткізуде.
Назима, әнші:
-Өте үлкен тәжірибе дер едім. Бір қаладан екінші қалаға сапарлатып, нон-стоп режимінде жұмыс істеу оңай емес. Бірақ, сондай сәттерде сахнаға шығып, халықтың жылы жүзін көргенде бәрін ұмытып кететсің. Бұл ерекше сезім, айтып жеткізе алмаймын.
Өнер иесі соңғы рет Қазақстанда кинофестивальдің қызыл кілемінде төбе көрсеткен еді. Сол кезде сұхбат берген әнші, киноәлеміне де қадам басуға қарсы еместігін айтып қалды. Сондықтан, жаңа бейнебаян ұсынған Назиманы, жанкүйерлері көп ұзамай үлкен экрандардан көріп қалуы әбден мүмкін.