Үйлену тойының суреттерін жасырын желіге жүктеген Әли Оқаповқа жарнама жетіспей жүр ме?

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық эстрададағы сүрбойдақтардың саны азаймай тұр. Орда бұзар отызға таяса да отбасылы болуға жүрексініп жүрген жігіттердің санатында Әли де бар. Бірақ Оқапов жеке өміріндегі жағымды жаңалықтарымен жұртты дүрліктергенімен, соңында қауесетке айналады.

Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын өнер иесінің «Асылдық» Ақеркемен жұптасқан той суреттерін қазнет қызу талқылаған-ды. Алайда, әнші жігіт пен қобызшы қыз мұндай қадамға «қара пиар» үшін барған.

Әли Оқапов, әнші:

- Ол әдейі шығарылған пиар қадам. Әдейі халық шуласын немесе сөйлесін дегендей. Ол кезде «хайп» сөзі болған жоқ. Бірақ дегенмен қазіргі тілмен айтқанда, иә «хайп» қой.

Бұл жайында БАҚ өкілдеріне тіс жармаған Әли, бұл жолы Ақеркемен арадағы қарым-қатынасы хақында алғаш рет ашып айтты.

Әли Оқапов, әнші:

- Доспыз, жақсы араласамыз. Біздің ортақ достарымыз да өте көп. Болды!

Әли үйленуге асығар емес, ал халық әртісі хайп қуған ұлының қалыңдығын күтіп жүр. Соңғы кездері тілшілер тарапынан жолданатын «той» туралы сауал, Роза Рымбаеваны әбден мезі еткені анық байқалады.

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

- Біздің Әлидің жасы келді. Екінің бірінің сұрағы сол, Әлидің тойы қашан деп. Мен де баламнан күнде сұрап жүрмін. Бірақ енді өзінің уақыты келеді. Бір қызды бұйырғаны алып келеді деп ойлаймын.

Бірақ, Әлидің жеке өміріндегі маңызды қадамына сәттілік серік болмай тұрған секілді. Бірде жұрт оны Гүлназ Жолановмен жұптастырса, Ақбота Сейітмағамбетпен арадағы махаббат хикаясы да екі жастың тағдырын тоғыстырмады.