2017-ші жылы футболдан әртістер арасында Әлем чемпионы атанған «Алатаудың» қарсыластарына қауқары неге жетпей жүр?

Сообщить о проблеме с эфиром

Жұлдыздар командасында жанжалдың туындауына не түрткі болды?!

Жұлдыздардан жасақталған «Алатау» ұжымы, бұл жолы құрамы елуді еңсерген аяқ доп шеберлерінен тұратын «Ардагерлер» командасына қарсы ойын өрнегін көрсеткен еді. Екі таймның нәтижесінде 4:1 есебімен әртістер тобы жеңілістің ащы дәмін татты.

Серікқазы Аязбаев, тілші @serikkazyayazbaev:

-Жолдастық кездесу аяқталды! Өкінішке орай, біздің 2017-ші жылы әртістер арасындағы әлем чемпионы жеңілді. Аян, не себеп болды, не жетіспеді?

Аян Бірбаев, Rin’Go тобының әншісі:

- 2017-де әлем чемпионы атанғаннан кейін Қазақстанға келіп, мен бутсыны іліп қойған болатынмын шегеге... Сол екі жылдың ішіндегі мынау бірінші кездесу болды. Бұл кәдімгі Ұлттық құрамада ойнайтын ойыншылар ғой. Кейбірі екі-ақ жыл бұрын кәсбіи футболмен қоштасқан адамдар. Сондықтан 4:1 болып жатыр ештеңе жоқ.

Спорт алаңында салғырттық танытып, бар мүмкіндікті қолдана алмаған Аянға, кезінде «Алатауда» тер төгіп, бұл жолы команданы қолдап келген продюсер Ерлан Әлімовтің өкпесі қара қазандай!

Серікқазы Аязбаев, тілші @serikkazyayazbaev:

- «Алатау» футбол командасының ең адал жанкүйері Ерлан Әлімов қасымда. Бірақ көңілсіз, жігіттерге ренжулі сияқты. Көңілден шықпады ма бүгінгі ойын?

Ерлан Әлімов, продюсер:

- Командаға ренжулі емеспін. Мен бір адамға ренжулімін. Оның аты – қоян, а Аян! Бірбаев дейтін. Бөрібаев деп кейде айтып тұрамыз. «Э, мешок! Салмайсың ба голды, емае! 4:2 болатын еді. Хотя бы нормально болатын еді!».

Серікқазы Аязбаев, тілші @serikkazyayazbaev:

- Не жетпей қалды жігіттерге?

Ерлан Әлімов, продюсер:

- Мен, мен жетпей қалдым. Мен өкінішке орай жұмыс бабымен келе алмадым!

Әлімовтың ашуын тудырған Аян, әріптесінің сынын орынсыз деп отыр. Бірбаев бұл бәсекедегі «үздік ойыншы» мәртебесіне өзін лайық деп тапты.

Аян Бірбаев, Rin’Go тобының әншісі:

- Аян Бірбаев екі жыл ойнамаса да, бүгін өзін өте жақсы көрсетті. Біздің еліміздің мықты қорғаушысын алдап өтіп, кәдімгідей қақпаға соққы бағыттаған.

Ашығын айтайық, 2017-де жұлдыздар арасындағы жарыста топ жарған қазақстандық жігіттер, соңғы екі жылда жарытып дайындалмаған. Жұмысы тығыз кестеге түзілген танымалдар, былтыр әлем чемпионатында шет елдік әртістерден ойсырай ұтылса, биыл дүбірлі додаға қатысуға қауқары жетпепті.

Серікқазы Аязбаев, тілші @serikkazyayazbaev:

- 2017-ші жылы Қазақстан әртістері әлем чемпионы болды, әртістер арасында. Қазіргі дайындық саябырсып қалған сияқты. Келісесің бе?

Аңсат Ділдебай, Moonlight тобының әншісі:

- Иә, негізі келісемін. Бірақ биыл біз әлем чемпионатына бармайтын болып шештік. Себебі жылда барып жүргендіктен, бізге бір жаңа этапқа өту керек дейді. Келесі жылы Алла қаласа барамыз міндетті түрде!